Астанада түркі әлеміне ортақ әліпби мәселесі талқыланды

Астанада түркі әлеміне ортақ әліпби мәселесі талқыланды

фото: https://pixabay.com/

Жиын қорытындысында Ортақ түркі әліпбиін одан әрі қолданысқа енгізуді қолдайтын декларацияға қол қойылды.

Астанада Түркі Академиясы жанындағы Ортақ түркі әліпбиі комиссиясының төртінші отырысы өтті. Ғалымдар әліпбиді қолдану жөніндегі ұсынымдарды және оның негізінде әзірленген қазақ және қырғыз әліпбилерінің үлгілерін мақұлдады.

Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркиядан, сондай-ақ Түркі академиясының бақылаушы елдерінен келген комиссия мүшелері – өз мемлекеттеріндегі тіл саясатына жауапты ресми мекемелердің өкілдері қатысты.

Бұл комиссия 2022 жылы Түркі академиясы жанынан Түркі мемлекеттері ұйымының үйлестіруімен құрылып, 2024 жылдың 11 қыркүйегінде Бакуде өткен үшінші отырысында 34 әріптен құралған Ортақ түркі әліпбиін қабылдаған болатын.

Отырыстың ашылуында Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев соңғы кездері ғылыми қауымдастықта, білім беру мекемелерінде және қоғамдық ортада Ортақ түркі әліпбиіне қызығушылықтың айтарлықтай артқанын атап өтті.

"Қазіргі кезеңде әліпбиді қолданудың бірыңғай тәсілдерін келісу және оны тәжірибелік тұрғыдан пайдаланудың негізгі қағидаттарын түпкілікті айқындау маңызды болып отыр. Жалпы түркі әліпбиін насихаттау мақсатында Түркі академиясы бірқатар басылым әзірледі. Мәселен, 2025 жылы алғаш рет осы әліпби негізінде Абайдың "Qara Sözder" еңбегі қазақ тілінде және Шыңғыс Айтматовтың "Aq Keme" шығармасы қырғыз тілінде жарық көрді", – деді академия басшысы.

Отырыстың негізгі тақырыбы – түркі тілдері үшін Ортақ түркі әліпбиін қолдану жөніндегі ұсынымдарды талқылау, сондай-ақ оны іс жүзінде пайдаланудың қағидаттарын айқындау болды. Онда әзірленген ережелердің Түркі академиясы арқылы тиісті ұлттық мекемелерге, тіл ұйымдарына және серіктес құрылымдарға жолданатыны аталып өтті.

Сонымен қатар оларды енгізу мен қолдану мәселелері әр мемлекеттің уәкілетті органдарының құзыретінде қалып, ұлттық заңнамаға сәйкес қарастырылатыны айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша Ортақ түркі әліпбиін одан әрі қолданысқа енгізуді қолдайтын Декларацияға қол қойылды. Декларациядағы маңызды шешімдердің бірі ретінде Ортақ түркі әліпбиін қолдану жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ Ортақ түркі әліпбиі негізінде әзірленген қазақ және қырғыз әліпбилерінің үлгісі мақұлданды.

"Декларация Ортақ түркі әліпбиін іс жүзінде қолдануды қамтамасыз етуге арналған ортақ анықтамалық және бағдарлық материал ретінде пайдаланылады", – дейді академия.

Бұған дейін Түркі әлемінің ортақ әліпбиі комиссиясы 34 әріптен тұратын үлгі ұсынған еді.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Жазылу