Үлкен Алматы көліне апаратын жүргінші соқпағы салынады

Үлкен Алматы көліне апаратын жүргінші соқпағы салынады
фото: Victor Glutsenko/almaty.tv

Алматыда Үлкен Алматы көліне дейін ұзындығы 5,3 шақырым болатын ұйымдастырылған жүргінші соқпағын салу жоспарлануда. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында Алматы қаласы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов хабарлады, - деп хабарлайды almaty.tv.

Құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген.

Үлкен Алматы көлі - Іле Алатауының сілемдерінде орын тапқан бірегей сұлулыққа ие су айдыны. Теңіз деңгейінен 2511 метр, ал қаладан 1611 метр биіктікте орналасқан. 2000 жыл бұрын Үлкен Алматы аңғарын жауып тастаған жер сілкінісі мен көшкін нәтижесінде пайда болды.

Бөгеттің бойынан Іле Алатауының негізгі үш асқары: Қаныш Сәтбаев, Озерный және Турист шыңдарына ғажап көрініс ашылады. 

Көлдің түсі жыл мезгілі, күн мен түн уақыты, ауа райының құбылуына тәуелді. 

Шуақты күндері көгілдір түске боялып, көрген көздің жауын алар айдын, бұлтты күндері бейне тұнжырағандай, қарасұр рең қабылдайды.

Үлкен Алматы көлі - алып шаһарды сумен қамтамасыз етіп отырған басты тұщы су көзі болғандықтан, көл жағасына баруға, суға шомылуға тыйым салынған. Дегенмен, саяхатшылар үшін арнайы шолу алаңдары мен көлік тұрақтары ұйымдастырылған. Көлге барар жолда туристер үшін қазақ тағамдарынан дәм тататын қонақүйлер мен демалыс орындары бар.