фото: Ұлттық госпиталь
Гипофиз аденомасы – мидың түбінде, sella turcica деп аталатын сүйекті ойыста орналасқан гипофиз безінен дамитын қатерсіз ісік. Атауы күрделі болғанымен, салдары өте салмақты болуы мүмкін. Осы дерт туралы Ұлттық госпитальдің нейрохирургі Абзал Қайратұлы Жұмабеков жан-жақты түсіндіріп берді.
Гипофиз – ағзаның «бас дирижері»
Гипофиз – қалқанша безді, бүйрек үсті және жыныс бездерін, өсу мен зат алмасуды реттейтін мидың аса маңызды бөлігі. Ол бүкіл гормоналды жүйені «басқарып» отырады.
Ал аденома осы безде өссе, жақын орналасқан көру нервтерін қысып, гормондар өндірісін бұзады. Соның салдарынан адамның жалпы денсаулығы күрт төмендеуі мүмкін.
Бұл дерт көбіне 20–50 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдарда кездеседі. Ерлер мен әйелдерде бірдей жиілікте байқалады, сирек болса да балаларда анықталуы мүмкін.
Гипофиз аденомасының түрлері
Көлеміне қарай:
• Микроаденома – 10 мм-ге дейін
• Макроаденома – 10 мм-ден жоғары
• Гигант аденома – 40 мм-ден жоғары
Гормондық белсенділігіне қарай:
• Гормоналды белсенді (пролактинома, соматотропинома, кортикотропинома және т.б.)
• Гормоналды белсенді емес – белгілері көбіне ісіктің көлеміне және ми құрылымдарын қысуына байланысты көрінеді
Аденоманың алғашқы белгілері қандай?
Ауру белгілері ісіктің мөлшері мен гормон бөлу қабілетіне тікелей байланысты.
Жиі кездесетін шағымдар:
• тұрақты бас ауруы (әсіресе маңдай мен самай тұсында, көздің артында),
• көру аймағының тарылуы («бүйір жақты көрмеу»),
• көру қабілетінің төмендеуі,
• көздің қосарланып көруі, «тұмандану»,
• уақыт өте келе көрудің мүлде нашарлауы.
Бұл белгілер гипофиздің дәл жанында көру нервтерінің қиылысуы – хиазманың орналасуымен байланысты екенін айтады маман.
Гормон өзгерсе – белгі де өзгереді
Гипофиз аденомасы қандай гормонды артық бөлетініне қарай түрлі белгілермен көрінеді.
Пролактинома
• Әйелдерде: етеккірдің бұзылуы немесе тоқтауы, бедеулік, сүт безінен бөлінді
• Ерлерде: потенция мен либидоның төмендеуі, бедеулік, сүт безінің ұлғаюы
Соматотропинома (өсу гормоны)
• Ересектерде: акромегалия – қол-аяқтың үлкеюі, бет пішінінің өзгеруі, буын ауруы, қан қысымының жоғарылауы, дауыстың өзгеруі
• Балаларда: пропорционалды емес шамадан тыс өсу
Кортикотропинома (ACTH)
• Кушинг синдромы: іш пен мойында май жиналуы, беттің дөңгеленуі, бұлшықет әлсіздігі, қант пен қан қысымының жоғарылауы, депрессия, сүйектің сынғыштығы
Қалқанша безді қоздыратын аденома
• ашушаңдық, қолдың дірілі,
• салмақтың азаюы,
• жүрек қағысының жиілеуі,
• шамадан тыс терлеу
Бұл дерттің қауіптілігі неде?
Емделмеген жағдайда гипофиз аденомасы:
• көру қабілетінің жоғалуына,
• бедеулікке,
• остеопорозға,
• гипертония мен қант диабетіне әкелуі мүмкін.
Кейде гипофиз апоплексиясы – ісікке кенет қан құйылу жағдайы болады. Ол қатты бас ауруымен, көрудің күрт жоғалуымен, жүрек айну, әлсіздік, тіпті естен танумен көрінеді. Мұндайда шұғыл түрде ауруханаға жатқызу қажет.
Диагноз қалай қойылады?
Гипофиз аденомасы бірден анықтала бермейді, себебі белгілері басқа ауруларға ұқсас.
Нақтылау үшін:
• гипофиз аймағына бағытталған МРТ,
• гормоналды талдаулар (пролактин, IGF-1, ACTH, кортизол, TSH, T4 және т.б.),
• офтальмологтың тексеруі,
• эндокринологтың кеңесі қажет.
Тексеру нәтижесіне қарай емдеу жоспары жасалады.
Емдеу жолдары
• Дәрілік ем – пролактиномада жиі қолданылады, кейде ісік өздігінен кішірейеді
• Хирургиялық ем – қазіргі таңда мұрын арқылы жасалатын эндоскопиялық трансназальды операция кең қолданылады
• Сәулелік терапия – қалдық немесе қайталанған ісіктерде
• Бақылау – шағын, гормон бөлмейтін микроаденомалар динамикалық бақылауда болады
Алдын алуға бола ма?
Гипофиз аденомасының нақты алдын алу жолы жоқ. Бірақ ерте анықтау – асқынудың алдын алады.
Маманның кеңесі:
• қан қысымы мен қант деңгейін бақылау,
• дәрігерсіз гормоналды препарат қабылдамау,
• көру нашарласа немесе бас ауруы мазаласа, тексеруді кейінге қалдырмау,
• етеккірдің бұзылуы, сүт безінен бөлінді, сыртқы келбеттің өзгеруі байқалса, эндокринологқа көріну.
«Гипофиз аденомасы ерте анықталса, толық емделеді. Уақытылы маманға қаралу – көруді, гормоналды тепе-теңдікті және өмір сапасын сақтаудың басты жолы», – дейді нейрохирург Абзал Жұмабеков.
Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через