фото: pixabay.com
Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындары үшін 1,6 млн текше метр жасанды қар қолданылған. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарыс технология жетістігінің арқасында өтіп жатыр. Бірақ бара-бара қар тасу оңай болмайын деп тұр. Кейінгі 50 жыл ішінде Альпі және орталық Еуропа таулы аймақтарында суық күндер 20% азайған. Бұл климат өзгерісінің спорт саласына түсірер салмағын білдіреді. Халықаралық Олимпиада комитеті мұны жаһан алдында тұрған жауапкершілік деп есептейді.
Болашақта қысқы Олимпиада өтетін орындар ауа райына қарай таңдалуы мүмкін. 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиада ойындарында алғаш рет 100% жасанды қар қолданылды. Ал оған дейін табиғи қар жетпеген кезде ғана аз көлемде пайдаланылған. Солт-Лейк-Сити, Ванкувер, Сочи ойындарында таңдамалы трассалар мен маңызды жарыстар бөліктерін жабу үшін ғана қолданылды.
Халықаралық Олимпиада комитеті ғаламдық жылынудан келер қауіпке байланысты 2030 жылғы ойындарды өткізу орнын ұзақ таңдаған болатын. Сөйтіп 2024 жылы таңдау Францияға түсті. Бұл елдің де еуропалық Альпі тауларының баурайында орналасқанын айта кеткен жөн. Француз «Табиғат және қоршаған орта» қауымдастығының деректері бойынша, Францияның Альпі тауларында жасанды қар өндіру үшін жылына 20–25 млн текше метр кетеді. Бұл Гренобль қаласының бір жылдық су тұтыну көлеміне тең.
Дэниел Скотт, Waterloo университетінің профессоры: - Климат өзгерісі қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізуге қолайлы орындардың өзгертуге тікелей ықпал етеді. Париж климаттық келісіміне сәйкес, келешекте дәстүрлі түрде жарыс өткізілетін орындардың саны шамамен екі есе қысқаруы мүмкін.
Ал қысқы Олимпиада ойындарындағы 16 спорт түрін өткізу үшін қалың қар керек. Атап айтқанда: Тау шаңғы спорты, биатлон, шаңғы жарысы, фристайл, шаңғы қоссайысы, тұғырдан секіру, сноуборд, ски-альпинизм.
Қарт құрлықта қысқы туризм тұралап тұр
Табиғаттың тосын мінезі қысқы туризмге де кері әсерін тигізеді. Кейінгі 5 жылда Италияда 265 тау шаңғы курорты жабылды. Егер ғаламдық жылыну барған сайын қарқын алатын болса, 2050 жылға қарай қысқы спорт түрлеріне арналған қалған 93 орын 52-ге қысқаруы мүмкін. Қысқы туризм Италия экономикасына жылына 11 млрд еуро пайда әкеліп отыр.
Ал Еуропада тау-шаңғы туризмі миллиардтаған айналымы бар ірі индустрия. Бірқатар өңір курорттардың арқасында күн көріп, халқын жұмыспен қамтып отыр. Салалық қауымдастықтардың бағалауынша Альпі аймағындағы қысқы туризм жыл сайын шамамен 30 миллиард еуро кіріс әкеледі. Алайда кейінгі уақытта қар жауу сиреп, шаңғы жолдарына жасанды ақ ұлпа жиі төселетін болды. Бұл су мен электр энергиясына кететін шығынды еселеп, қоршаған ортаға түсетін ауыртпалықты арттырды.
The Conversation басылымы: - Италияда теңіз деңгейінен шамамен 1000 метр биіктікте орналасқан курорттардың көпшілігі жұмысын тоқтатты. Жасанды қар жаудыру қазір экономикалық тұрғыдан тиімді болмағанымен, болашақта климат өзгерісіне қатысты қауіп-қатерлермен бетпе-бет келуі мүмкін. Жасанды қар жаудыру үшін ресурс үнемі жетпейді.
Жасанды қарға сұраныс жоғары
Бірқатар елде жапалақтап қар жаумағасын, табиғатқа тән құбылысты қолдан жасауға тура келеді. Әлем бойынша шаңғы курорттарының шамамен 60%‑ы әлі күнге дейін жасанды қарға тәуелді. Оның шығына да шаш етектен. 1,4 млрд текше фут жасанды қар шығару үшін сағатына 478 000 мегаватт энергия және 1,5 млрд текше фут су қажет. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Әрі жасанды қар табиғи қардан баяу ериді. Соның салдарынан қар астындағы топырақ қатайып, өсімдіктердің өсуіне қолайсыз болады.
Ал әлемдік қар шығару машиналарының нарығы жылына 1-1,6 млрд шамасында табыс тауып отыр. 2030 жылға қарай 2-3 млрд-қа артуы мүмкін. Бұл сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Материал 24.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через