фото: pixabay.com
Қыс мезгілінде күн сәулесінің аз түсуіне байланысты D дәрумені тапшылығы жиі байқалады. Бұл сүйек, бұлшықет және иммундық жүйенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы жалпы тәжірибе дәрігері Ақбаян Нұрқабылқызы түсіндірді.
Дәрігердің айтуынша, D дәрумені кальций мен фосфордың ағзаға дұрыс сіңуіне тікелей әсер етеді. Бұл элементтер жетіспеген жағдайда сүйек тінінің әлсіреуі, тіс пен бұлшықет проблемалары, иммунитеттің төмендеуі байқалады.
Фото: Видеодан кадр
– Елордада қыс мезгілі ұзақ, содан адамдарға күн сәулесі аз түседі. Сондықтан D дәруменінің тапшылығы жиі кездеседі. Оның алғашқы белгілері – шаршау, әлсіздік, күйзеліс, бұлшықет ауыруы, тіс пен тырнақтың әлсіреуі. D дәруменін бір рет көтеріп қана қоймай, оны тұрақты түрде қолдап отыру қажет. Себебі тағам арқылы күнделікті қажетті мөлшерді толық алу қиын. Ол балықта, жұмыртқаның сарысында, сүт өнімдерінде болғанымен, барлығы бірдей оларды күнде тұтына бермейді, – деді дәрігер Jibek Joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында.
Маман профилактикалық және емдік дозаның айырмашылығына да тоқталды. Оның айтуынша, зертханалық талдау нәтижесі 10-30 аралығында болса, бұл дәрумен тапшылығы саналады және емдік доза тағайындалады. Ал 50-100 аралығы қалыпты көрсеткішке жатады, 100-ден жоғары деңгей гипервитаминоз қаупін тудырады.
Фото: Видеодан кадр
Дәрігер D дәруменін Магний және Омега-3 май қышқылдарымен бірге, таңғы ас кезінде қабылдаған дұрыс екенін айтты.
Сонымен қатар егде жастағы адамдарда, артық салмағы бар азаматтарда, сондай-ақ асқазан-ішек жолы, бауыр мен бүйрек аурулары бар науқастарда D дәруменінің сіңуі төмендейді. Балаларда оның жетіспеуі рахит (мешел) ауруының дамуына себеп болуы мүмкін.
– Қыркүйек айынан мамырға дейін профилактика ретінде қабылдауға болады. Ересектер үшін тәуліктік профилактикалық доза – 600–2000 халықаралық бірлік, ал балаларға 400 халықаралық бірлік мөлшері ұсынылады. Ең бастысы – мөлшерден асырмау, – деді Ақбаян Нұрқабылқызы.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через