фото: pixabay.com
Қазақстанда жаңа форматтағы алғашқы жыл бойы жұмыс істейтін туристік қала іске қосылды.
Бұл жоба туризмді, мәдениетті, концерттер мен халықаралық іс-шараларды бір аумақта біріктіреді және Орталық Азиядағы флагмандық бастама ретінде Қазақстанды әлемдік туристік бағыттар картасына шығаруды көздейді, деп хабарлады Informburo.kz "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның іске қосылуына орай мамыр айында әлемдік жұлдыздардың қатысуымен концерттер сериясы өтеді. 16 мамырда концерт Алматы қаласындағы Орталық стадионда, ал 17 мамырда Астанада Solana City аумағында ұйымдастырылады. Сахнада Florida, Nicole Scherzinger, Tyga, Busta Rhymes, Timbaland, Keri Hilson өнер көрсетеді. Сонымен қатар, жетінші құпия қонақтың есімі кейінірек жарияланады. Ал Solana City туристік қаласының ресми ашылуы 22-23 тамыз күндеріне жоспарланған.
"Kazakh Tourism туроператорлардың қатысуымен пакеттелген туристік ұсыныстарды әзірлеу үшін штаб құрады. Бұл Қазақстан өңірлерінен және шетелдік қонақтарға концертті экскурсиялармен және туристік локациялармен танысумен ұштастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеп, өткен жылы сәтті түрде қолданылды", – деді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Астанада орналасатын жаңа туристік қала 30 гектар аумақты алып, Қарағанды тас жолы бойындағы елордалық гольф-клуб маңында салынады. Кешен бір мезетте 100 мыңға дейін көрермен қабылдай алады, бұл оны өңірдегі ең ірі концерттік және фестиваль алаңдарының біріне айналдырады.
"Жоба бір аумақта халықаралық деңгейдегі іс-шараларды біріктіреді. Фестивальдер мен концерттерден тыс уақытта туристік қала ел тұрғындары мен қонақтары үшін жыл бойы қызмет етеді. Жоба аясында этноауылдар, кемпингтер, глэмпингтер, гастрономиялық кеңістіктер, қолөнер аймақтары және арт-инсталляцияларды орнату жоспарлануда. Жобаны аясында мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылады", – деді Solana City компаниясының бас директоры Жанар Байғозина.
Solana City тек концерт өтетін орын ғана емес, толыққанды туристік инфрақұрылымы бар кеңістік болмақ.
Қала аумағында 200 этно-киіз үй, 400 кемпинг, 300 глэмпинг және 200 модульдік үй, сондай-ақ көрме және мәдени аймақтар, арт-инсталляциялар мен фестиваль алаңдары орналасады. Мамыр айында шамамен 30 мың адамды, ал тамыз айындағы екінші маусымда 80 мыңға дейін қонақты қабылдау жоспарланып отыр.
Фестиваль билеттерінің сатылымы басталып кеткен. Бағасы 25 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін, орынның сахнаға жақындығына байланысты өзгеріп отырады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, билеттердің едәуір бөлігі, соның ішінде шетелдік туристер тарапынан да сатып алынған.

Фото: Solana City.
Алдағы уақытта Solana City аумағында жаз мезгілінде халықаралық концерттер мен фестивальдер, ал қысқы кезеңде "Қысқы Лапландия" жобасы іске асырылып, отбасылық бағдарламалар, жарық шоулары мен сауықтыру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ұйымдастырушылар фестиваль форматын Coachella, Tomorrowland және Burning Man сынды әлемдік жобалармен салыстырады.
Материал Informburo.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через