фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/LanaKray
Әлемдік туристік кеңістікте Алматының беделі артып келеді.Таулармен көмкерілген Алматы шетелдік туристік басылымдардың оң бағасына ие болды.
Испанияның беделді туристік басылымы — Viajar журналы оңтүстік астананы тау бөктерінде орналасқан және қала орталығынан тау шаңғысы аймақтарына жылдам жетуге болатын әлемдегі үздік бес қаланың қатарына қосты.
Испаниялық басылым Алматыны қысқы әрі белсенді туризмге қолайлы инфрақұрылымы дамыған Инсбрук, Гренобль және Зальцбург секілді әйгілі еуропалық қалалармен қатар атап өткен. Бұл — Алматының халықаралық туристік кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын айғақтайды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, мақала журнал өкілдерінің қалаға арнайы сапарының нәтижесінде әзірленген. Бұл сапар «Алматы Туризм Бюросы» қолдауымен ұйымдастырылып, шетелдік қонақтарға қаланың табиғи келбеті, мәдени орындары мен туристік мүмкіндіктері жан-жақты таныстырылған.
Әсіресе, журналистердің назарын Шымбұлақ тау шаңғысы курорты мен Медеу спорт кешені аударған. Үш мың метрден асатын биіктікке көтеретін аспалы жол, әлемдегі ең биік таулы ашық мұз айдыны — Медеу, сондай-ақ Алматының бай мәдени және гастрономиялық өмірі саяхатшылар үшін қаланың тартымдылығын арттыра түскені атап өтілген.
Айта кетейік, 1978 жылдан бері жарық көріп келе жатқан Viajar журналы — Испаниядағы ең беделді туристік басылымдардың бірі. Ол мәдени, танымдық және белсенді туризм бағыттарына ерекше мән береді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через