Жанармай неге тапшы

Жанармай неге тапшы
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/pmiguel2

      Ресейде жанармай тапшылығы артып, жекелеген жанармай құю бекеттері бензиннің жетіспеушілігінен жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып жатқанда, Қазақстанда жағдай тұрақты. 

      Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, жанармаймен қамтамасыз етудегі іркілістер оннан астам өңірде – Поволжьеден Қиыр Шығысқа дейін байқалған. 

       Жанармай құю станцияларының иелері кейбір мұнай өңдеу зауыттары бірнеше апта бойы АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинді жөнелтпей жатқанын мәлімдеген.

Осы жағдай аясында Қазақстанның Энергетика министрлігі ел ішінде жанармай тапшылығының туындауына негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Ішкі жанармай нарығындағы жағдай тұрақты. Қазақстан өз өндірісі есебінен негізгі жанармай түрлерімен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі бензин мен дизель отынының қоры елдің қажеттілігін, соның ішінде маусымдық тұтыну мөлшерін толық жабады, – деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі Әсел Серікпаева.

        Министрлік Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстары өндіріс балансында алдын ала ескерілгенін, ал қажетті жанармай басқа зауыттардан жеткізілетінін хабарлады. 

       Сонымен қатар, жанармайды автокөлікпен елімізден сыртқа шығаруға қатысты тыйым өз күшінде қалып отыр. Шекарадағы бақылау күшейтілген.

        Министрлік өкілдері өңірлердегі жағдайды күнделікті бақылап отырғанын және қажет болған жағдайда ресурстарды жедел түрде қайта бөлуді қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

        Осылайша, көршілес Ресейде бензин тапшылығы жанармай бекеттерінің жабылуына әкеп соқса, Қазақстан билігі жанармайдың жеткілікті екенін және тапшылық болады деген болжам жоқ екенін мәлімдеді.

        https://baq.kz/