Алматыда тау бөктеріне салынған нысандар бұзылды

Алматыда тау бөктеріне салынған нысандар бұзылды
фото: Алматы  әкімшілігі  баспасөз қызметі

Жеке меншік иесі рұқсатсыз тау бөктерінде үй салған

Алматы тау бөктерінде екі заңсыз нысан бұзылды, деп хабарлайды Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының баспасөз қызметі.

Сот шешімімен "Таулы Қырат" аумағында 2767 және 2768 учаскеде құрылысы аяқталмаған екі үй бұзылған.

Жеке меншік иесі рұқсатсыз тау бөктерінде үй салған. Салдарынан құрылыс жұмыстары кезінде бұл аумақтарға жол салу үшін тау бөктерінің етегі кесіліп, экожүйеге залал келтірілген. Заңсыз насын иесі құзырлы мекеменің нұсқамасын орындамаған.

"Былтыр 17 қазанда Медеу аудандық соты талап-арызды қанағаттандырып, сот қаулысы Алматы қаласының әділет департаментіне орындауға жіберілген" - делінген басқарма хабарламасында.

Сот шешімін орындау мақсатында жуырда меншік иесі заңсыз нысандарды өзі бұзып тастады.

ҚазАқпарат