Шахматтан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына 4 медаль түсті

Шахматтан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына 4 медаль түсті
фото: https://pixabay.com/ru/

Шахматтан Лондондағы әлем чемпионатында қазақстандықтар 4 медаль алды, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясы.

Қазақстандық шахматшылар Лондонда өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында жеке төрт медаль жеңіп алды. Меруерт Камалиденова мен Ислам Айтен күміс медаль алса, Ринат Жұмабаев пен 10 жастағы Сүлеймен Нұрақын қола жүлдені қанжығасына байлады.

Қазақстанның намысын KazChess, Barys.kz және Rookies атты үш команда қорғады.

"Бірінші тақтада ойнаған Barys.kz командасының көшбасшысы Қазыбек Нөгербек 12 ұпайдан 8 ұпай жинап, әлемнің ең мықты гроссмейстерлермен ойында тамаша шеберлік көрсетті. Сондай-ақ әлі 11-ге де толмаған команданың жас ойыншысы Сүлеймен Нұрақын да ерекше көзге түсті. Ол мүмкін 12 ұпайдан 8½ ұпай жинады. Сонымен қатар атап өтетіні, партиялардың бірінде біздің Денис Махнев Hexamind Chess Team жұлдызы Леньер Домингес Пересті (2708) жеңді", - деп хабарлады федерация.

KazChess командасы медаль есебіне айтулы үлес қосты: Меруерт Камалиденова әйелдер тақтасында, ал Ислам Айтен әуесқой тақтасында күміс медаль жеңіп алды. Rookies командасы атақты ойыншылардан құралған ұжымдармен тең дәрежеде жарысты. Мысалы, рапид пен блицтен 18 жасқа дейінгілер арасындағы биылғы әлем чемпионы Ерғали Сүлеймен (2336) Team Hungary командасының тәжірибелі ойыншысы венгр Чаба Балогты (2609) жеңді.

Рапид пен блиц бойынша командалық әлем чемпионаты (2025 FIDE World Rapid & Blitz Team Championships) 10-16 маусым аралығында Лондонда өтіп жатыр.

Айта кетейік, бұл турнир үшінші рет ұйымдастырылып отыр: 2023 жылы ол Германия және 2024 жылы Қазақстан елордасы Астанада өткен болатын. Биыл Ұлыбритания астанасына әлемнің 52 командасы жиналды. Рапид ойындары 15+10 форматында алты тақтада өтті, осы орайда қойылған міндетті шарт – жарысқа әйел және рейтингі 2000-нан төмен әуесқой шахматшы қатысуы керек.

Үндістанның Team MGD1 командасы жеңімпаз атанды. Олар үшінші ойын күні барлық қарсыластарынан басым түсіп, ең мықты интернационалдық команда – Hexamind Chess Team ұжымын басып озды. Қола жүлдені Freedom командасы алды, оның құрамында бұрынғы әлем чемпионы Вишванатан Ананд ойнап жатыр.

Енді командалар блицке ауысады. KazChess және Barys.kz командары — D тобында, Rookies С тобында ойнайды. Қарсыластарының арасында Өзбекстан мен Германияның рапидтегі жеңімпаздары мен фавориттері бар.

ҚазАқпарат