Үндістанда оқушыларға өлі жылан еті қосылған түскі ас берілген

Үндістанда оқушыларға өлі жылан еті қосылған түскі ас берілген
фото: РенТВ

100-ден аса бала уланып, ауруханаға түсті.

Үндістанның адам құқықтары жөніндегі ұлттық комитеті оқушылардың өлі жылан қосылған мектептегі түскі астан улану жағдайларын тексеріп жатыр. Белгілі болғандай, 24 сәуірде Бихар штатындағы Патна қаласының Мокама ауданында мемлекеттік мектепте түскі ас ішкен 100-ден астам бала уланып қалған.

"Аспаз өлі жыланды алып тастағанына қарамастан, балаларға тамақты берген", - деп хабарлады комитет.

Ұлттық комитет бұл оқиға расталған жағдайда білім алушылардың құқықтарын бұзып отырғанының дәлелі болады деп отыр. Жергілікті билікке осы мәселеге байланысты жан-жақты есеп дайындауға екі апта берілді. Құжатта балалардың денсаулығына қатысты мәлімет жарияланады деп күтілуде.

Үндістандық БАҚ-тың жазуынша, 500-ге жуық бала өлі жылан қосылған түскі ас ішкен. Оқушылардың тамақтан улану жағдайы жергілікті халықтың наразылығын туғызды.

 ҚазАқпарат