
фото: pexels.com
Соңғы жылдары психология/психотерапияға деген қызығушылық артып жатыр. Бұған таңқалудың қажеті жоқ. Қазір психотерапевтік технологиялар қолжетімді. Соның арқасында ниеттенген кісі онлайн немесе офлайн форматта психологтарға жүгіне алады.
Алада, біздің қоғам психологқа жүгінуге дайын емес секілді. Өйткені, көпшіліктің бейтаныс адамға ақтарылуға, ішкі күйзелісімен бөлісуге ары жібермейді.
Ал сіз психологтың қызметіне жүгінесіз бе?
Назым. 42 жаста.
Міндетті түрде жүгінемін. Менің проблемам туралы жоғары кәсіби маманның объективті көзқарасын неге тыңдамасқа?!!
Меруерт. 51 жаста.
Мен ұзақ уақыт бойы психологтарды менсінбей, олардың қызметін мойындамай келдім. Бұған менің өмір жолымда тек біліксіз, клиенттің мәселесін дөп басып айтып бере алмайтын нашар психологтардың кездескені себеп болған шығар. Өткен жылы бір психологтың көмегіне жүгінуіме тура келді. Сол маманға барып, бірнеше сеанс алдым. Көңілімнен шықты. Сеанстардан кейін өзімді жеңіл сезіндім. Содан бері талантты психологтарды мойындаймын және қажет кезінде қызметіне жүгінген артық болмайды деп ойлаймын.

Фото: pexels.com.
Сәкен Мырзатайұлы. 66 жаста.
Сен сенетін және әңгімелескенде тыныштандыратын, көңіліңді көтеріп, жақсы кеңес беретін адам табылса жақсы. Әйтпесе, ой деген терең шыңырау, тереңге тартады да отырады. Уайым түрлі аурудың себепшісі екенін де естен шығармаған абзал. Үйде қабағың ашылмай жүрсе, бұл көрініс бала-шағаға да әсер етеді. Олар да жабырқай бастайды. Сондықтан өзің шеше алмаған түйінді психологтың көмегімен реттегеннің не айыбы бар. Кейбір жағдайда адамды депрессиядан тәжірибелі маман – психологтан басқа ешкім шығара алмайды.
Света. 36 жаста.
Психолог – біздің заманымызда қажетті мамандық, бірақ шын мәнінде жақсы психологтар өте аз. Кеңес заманында дүниеге келгендердің басым бөлігі психологтарды мойындамайды. Ал кейбір жастар бұл мамандыққа аса қызығушылық танытпайды, көптеген психологтардың өздері әріптестерінің көмегіне мұқтаж...
Дәурен. 28 жаста.
Психологтардан күдіктенемін. Менде мұндай проблемалар ешқашан болмайды деп үміттенемін. Алдағы уақытта психотерапевтке барамын ба, жоқ па, нақты айта алмаймын. Бейтаныс адамның алдында бар сырыңды ақтарғандарды ақтай алмаймын және оларды түсінбеймін. Менің таныстарымның арасында екі адам осы мамандықтың иесі. Оларға деген қандай да бір жылылық, құрмет деген сезімдер менде жоқ.
Мұрат Қалмырзаев. 46 жаста.
Кейбір психологтардың өздері ештеңе білмейді, жеке курстарға барып, 5-6 ай оқып, диплом ала салғандай көрінеді. Интернеттен, тағы бір жерден оқып алғандарын қайталап отыратын секілді. Сондықтан мен олардың алдына бармаймын. Өз проблемамды өзім шешіп үйренгенмін.
Евгений. 45 жаста.
Мен психологияны терең зерттедім және өзім туралы жеткілікті білдім, невропатологтармен, психологтармен және психиатрлармен сөйлестім, ал екінші оқыған университетімде психология мұғалімі менің біліміме таң қалды. Сондықтан бармас едім, өйткені мен өзімді өзгерте алмайтынымды білемін. Менің психолог болған таныстарым бар, бірақ олар жұмысқа жарамайды. Сіз олармен сөйлесіп, сұрақтарыңызды қоя аласыз, олар жауап береді, бірақ жан жараңызды емдеуге қажетті нақты көмекті ала алмуыңыз мүмкін.
Мариям. 38 жаста.
Мен балалар психологына хабарластым, ол шынымен көмектесті. Қызым сол кезде небәрі 4 жаста еді, бәрі реттелді, маманның кеңестерін әлі орындаймын, маған әлі де көмектеседі, соның арқасында кенже ұлыма дұрыс тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын. Тағы бір психолог әпкемнің нашақор күйеуін тастап кетуіне көмектесті
Алексей. 31 жаста.
Психологтың қызметіне жүгінбеймін. Өйткені қазір бұл мамандықты игергендердің арасында намыссыз, қабілетсіз адамдар көп. Психологиялық білімі бар адам әлі психолог емес. Сондықтан барғым келмейді. Егер жақсы маман болса, онда оның жөні бөлек.
Еркін. 29 жаста.
Психологтың алдында баратын мен жынды емеспін ғой. Жаныңда адал, ақылды досыңыз болса жетіп жатыр. Бар сырымды соған айта аласыз, туындаған проблеманы бірге, ақылдаса отырып шешесіз. Басқа біреудің, мейлі ол керемет психолог болсын, маған керегі жоқ.
Светлана. 53 жаста.
Өзім психологиямен айналысамын, бірақ үстірт деңгейде. Мен түсінемін, адам психикасының қарапайым заңдары бар, оны білу әркімге пайдалы болар еді. Ендеше, осы заңдылықтарды кәсіби түрде білетін, түсінетін адамнан неге көмек сұрамасқа? Мысалы алып қарайық, егер сіздің тісіңіз ауырса, сіз оларды емдеу үшін тіс дәрігеріне барасыз ба дұрыс па, әлде мәселені өзіңіз шешуге тырысасыз ба? Сұрағыңызға жауапты осыдан табуға болады.

Фото: pexels.com.
Психологтардан қорқудың қажеті жоқ
Жанаргүл Жұмабайқызы, психолог
Көбінесе біздің проблемаларымыз шындықты қалай қабылдайтынымызға байланысты. Сондықтан психолог, психиатрдан бас тартудың қажеті жоқ.
2000-шы жылдардың басында жұмысты енді бастаған кезімде психолог қызметін көпшілік түсінбейтін. Қазір жағдай өзгерді. Психолог мамандардан қорқудың қажеті жоқ, оларға дәрігер, тәжірибелі маман ретінде қарау керек деп ойлаймын.
Психологтың назары тек сізге және сіздің қиындықтарыңызға бағытталған. Психологтың негізгі міндеті - өзіңді түсінуге көмектесу. Біздің менталитет қатаң ережені талап етеді: жылауға болмайды, шағымдануға болмайды, бөтеннің алдында әлсіздігіңді көрсетуге болмайды. Біз қоғамда өмір сүріп, күн сайын әртүрлі адамдармен араласамыз. Тез тіл табысатын көпшіл адам жұрт назарын өзіне аударады. Дегенмен, барлық адам бірдей емес, әрқайсысының өзіндік психологиялық ерекшеліктері бар және бұл фактіні қабылдау өмірді әлдеқайда жеңілдетеді.
Көптеген клиент психологқа мәселені бірден шешуге мүмкіндік беретін «емдейтін таблетка» алу үшін келеді, бірақ олай болмайды ғой. Өз басым осы күнге дейін бір күндік емді кездестірген жоқпын. Психология өте нәзік ғылым. Бұл салада тек кәсіби мамандар жұмыс істей алады. Бүгінгідей қиын уақытта жүйкесі тозған жандарға психологтардың көмегі қажет. Біздің отандастарымыз түсінуге тиіс, нағыз психолог сізге өз пікірін таңып тастамайды. Ол сізді қиын жағдайдан үнсіз алып шығады. Расын айтсам, психолог көмегіне жүгіну – дені сау адамның белгісі, бұл қандай да бір қиындыққа тап болған адамның өзімен-өзі арпалысқанын, жанын жаралаған өзгерістерді, өзінің психоэмоционалдық күйімен сезінуін білдіреді
Сарапшылар адамдар табысынан, жұмысынан, бауырларынан, әлеуметтік жағдайынан айырылғанда қиналып, соңы күйзеліске ұшырайтынын айтады. Мұндай жағдай тек қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл әлем жұртына тиесілі. Ресми емес мәліметке сүйенсек, азаматтарының депрессияға ұшырауы жағынан Қазақстан 180 елдің ішінде 93-ші орында тұр екен. Антирейтингке тұрмысы төмен елдер ғана емес, АҚШ, Австралия, Эстония сияқты дамыған елдер де кірді. Мамандардың пікірінше, күйзеліске түскен адамдардың қатары мегаполистер мен ірі қалаларда көп. Себебі, халық көп шоғырланған ортада адамдар психологиялық қысымға көбірек ұшырайды екен.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через