
фото: pixabay.com
Алматыда Rams Beyond Almaty кешені салынады, деп хабарлайды 24kz. Жаңа ғимарат шаһардың сәулеттік символына айналмақ. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірегей жобаның таныстырылымына танымал түрік актері Бурак Өзчивит қатысты. Көрерменге «Ғажайып ғасыр», «Осман» және «Шексіз махаббат» сынды телехикаялар арқылы танымал актер, Rams Beyond Almaty жобасының ресми амбассадоры атанды. Rams Beyond Almaty – шаһардағы ең биік әрі сәнді кешен болмақ.
Алғашқы 40 қабатты зәулім ғимаратта пәтерлер, коммерциялық кеңселер, спорт пен демалыс аймағы және 5 жұлдызды қонақ үй болады. Аспанмен таласқан жобаның амбассадоры Бурак Өзчивиттің айтуынша, бұл жай ғана биік ғимарат емес, өмір сүруге ыңғайлы және заманауи кеңістік. Премиум санаттағы кешенде жанға жайлы жағдайдың барлығы жасалады.
Бурак Өзчивит, Rams Beyond Almaty жобасының амбассадоры: - Rams компаниясын 10 жылдан бері білемін. Қазақстан мен Түркияда Rams компаниясын білмеу мүмкін емес. Маған бұл компанияның іске асырған жобалары ұнайды. Әрқашан жаңа дизайн, жаңа форматта жұмыс істейді. Rams Beyond Almaty-ға 500 миллион доллар инвестиция салынады.
Құрылыс барысында 1800 адам жұмыспен қамтылады. Ал нысан толық іске қосылған соң 2500 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. 4 жылда салынатын кешен жаңбыр суын жинау жүйесі, күн панельдері, бейнебақылау және бет-әлпетті тану сынды заманауи технологиямен жабдықталады.
Харун Решит Кутлуай, Rams Beyond almaty құрылыс жобасының координаторы: - Бұл жобада халықаралық тәжірибелі ұйымдармен жұмыс істейміз. Қауіпсіздік мәселесіне канадалық, түркиялық компаниялар қатысады. Алматының сейсмикалық ахуалына қарай отырып, қауіпсіздікке басар назар аударамыз.
Жоспар бойынша Rams Beyond Almaty күніне 25 мың адам қабылдай алады. 40 қабатты ғимарат Тимирязев-Сейфуллин көшесінің қиылысында бой көтереді. 4,7 гектардың 2,5 гектары көгалды аумаққа айналады. Көк тіреген биік ғимарат 2030 жылға қарай қолданысқа берілмек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через