Алматы тұрғыны сапасыз салынған пәтердің ақшасын қайтарып алды

Алматы тұрғыны сапасыз салынған пәтердің ақшасын қайтарып алды
фото: sputnik.kz

Пәтер сатып алған ер адам қабырғалардың жарылып кеткенін анықтады

Алматы қаласында тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті сапасыз салынған пәтердің ақшасын тұтынушыға қайтарды. Пәтер сатып алған ер адам қабырғалардың жарылып кеткенін анықтады. Үй суық болған. Оған қоса, көршілердің дауысы қатты естілген. Содан ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз түсіріп, соның негізінде 25,9 млн теңге қайтарылды.

Ал Астанада премиум санатындағы автокөлік сатып алған азамат басқару жүйесіндегі ақауға тап болған. Оған да департамент мамандары көмектесті. Сатушыдан 45,8 млн теңге өндірілді.

"Мұндай ақауы бар автокөлікке қатысты істердің жалпы саны 21, ал қайтарылған қаражат көлемі 338,2 млн теңгені құрады. Сонымен қатар Павлодар облысында үш тұтынушыға 53,8 млн теңге, Қызылорда облысында техникалық талаптарға сай келмеген ойын жабдықтарын сатып алған тұтынушыға 6,4 млн теңге қайтарылды", - дейді министрлік мамандары.

Жалпы, 2025 жылы қаңтар-сәуір айларында тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттері азаматтардың құқықтарын жалпы сомасы 690,5 млн теңгеге қорғады.

ҚазАқпарат