Алматы қаласында картон мен қағаз өндіретін жаңа зауыт салынады

Алматы қаласында картон мен қағаз өндіретін жаңа зауыт салынады
фото: https://pixabay.com/ru/

Мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан жоба жаңа өндірістік кешеннің құрылысын және қолданыстағы зауытты жаңғыртуды қамтиды

Алматы қаласының индустриялық аймағында картон мен қағаз өндіретін жаңа зауыт салынады, деп хабарлады экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Бұл мақсатта "Жасыл даму" АҚ мен "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ бірлесіп 37,1 млрд теңге көлемінде инновациялық жобаны қаржыландырды.

Болашақ кәсіпорынның бірегейлігі – шикізат ретінде қайта өңделген макулатураны пайдалануында, бұл экологиялық жүктемені азайтып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға септігін тигізеді.

Мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан жоба жаңа өндірістік кешеннің құрылысын және қолданыстағы зауытты жаңғыртуды қамтиды. Бұл гофрлеу қағазы, гофрленген картонның тегіс қабаттарына арналған картон және гипсокартон бұйымдарына арналған қаптау картонын өндіру көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде құрамында масса дайындау қондырғылары, қағаз жасау машиналары, ағын суларды тазарту құрылғылары мен қазандықтар секілді жоғары технологиялы жүйелермен жабдықталған қағаз және картон өндіру желісі іске қосылады.

Құрылыс-монтаж жұмыстарына 12 млрд теңге қарастырылған, ал жабдықтар мен арнайы техниканы лизингке сатып алуға тағы 25,1 млрд теңге бөлінген.

"KZ Recycling" ЖШС – Қазақстан бойынша ғана емес, Ресейдің бірнеше қалаларында да макулатура жинау бойынша кең өкілдік желісі бар жалғыз отандық компания.

ҚазАқпарат