
фото: pixabay.com
23 сәуірде Ыстамбұлда бірнеше жер сілкінісі болды. Олардың ең күштісі магнитудасы 6,2-ге жетті, деп хабарлады Түркия ішкі істер министрі Али Йерликая. Биліктің мәліметінше, күндізгі жер асты дүмпулері салдарынан 151 адам зардап шеккен, қаза тапқандар жоқ. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жер сілкінісінің ошағы Мәрмәр теңізінде, шамамен 7 шақырым тереңдікте, түрік мегаполисінен шамамен 60 шақырым жерде орналасқан, деп хабарлайды dpa агенттігі. Бұл соңғы 25 жылдағы аймақтағы ең күшті жер сілкінісі болды.
— Бірнеше сағат ішінде 127 афтершок тіркелген, олардың ең күштісі магнитудасы 5,9 болды, — деді Түркияның ішкі істер министрі.
Әлі алда күшті жер сілкінісі болады деген болжам бар.
Елдегі геофизикалық зерттеу орталығы жақын арада аймақта күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.

Фото: pixabay.com.
15 миллионнан астам халқы бар түрік мегаполисі жер сілкінісіне дайын емес, өйткені қала тығыз салынған және қала ішінде ашық кеңістіктер қол жетімді емес, деп жазады dpa.
Ыстамбұлдың көптеген тұрғыны жер сілкінісі туралы SMS хабарлама алмаған, дегенмен мұндай жүйе бар, деп жазады dpa.
Түркияның Қоршаған орта және қала құрылысы министрі Мурат Курум Ыстамбұлдағы жер сілкінісінен кейін жедел желіге ғимараттардың құрылымдық зақымдануы туралы 378 хабарлама түскенін мәлімдеді.
– 112 нөмірі арқылы ғимараттардың зақымданғаны туралы 378 хабарлама алдық. Ыстамбұлда 7,5 миллионнан астам тұрғын үй бар. Біз дереу тексеру жүргіздік. Сақтық шарасы ретінде 12 ғимаратта, оның ішінде Фатихтегі қараусыз қалған бір ғимаратта эвакуация жүргіздік, – деді Курум.
Ведомство басшысы алдағы төрт күн ішінде ғимараттарды егжей-тегжейлі тексеретінін айтты.
Осы кезеңде азаматтар жұмаға дейін сабақ тоқтатылған мектептерде уақытша қалып, түней алады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через