
фото: Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында еліміздегі су тасқыны жағдайына қатысты мәселе қаралды, еп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Жалпы елімізде су тасқыны кезеңінің тұрақты өтуі байқалады. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында уақтылы қабылданған шаралар үйлерді су басуына және осы өңірлердің тұрғындарына зиян келтіруге жол берген жоқ.
"Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуі болжануда. Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында әлі де 50%-ға жуық қар жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Ақмола облысында сәуір айының басында 100-ден астам тұрғын үй су астында қалды. Қазір ахуал тұрақталды, қауіп сейілді деп айтуға болады. Тосын жағдайға елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуі, су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау мен орындаудың сапасыз жүргізілуі себеп болғаны аталды.
Мәселен, Ескі Қалқұтан ауылында Қалқұтан өзенін тазарту, жағалауын бекіту және тереңдету жұмыстары 3 шақырымдай ғана учаскеде жүргізілген. Ал жоба бойынша 11 шақырым бекітілуге тиіс болатын. Сонымен қатар Макинск қаласына да су жайылды.
"Айта кетейік, өңірде дәл осы елді мекендерді жыл сайын су басады. Демек, Ақмола облысында қабылданып жатқан шаралар тиімсіз. Марат Мұратұлы, жоспарды қайта қарап, биыл барлық қажетті жұмыстарды іске асырыңыз. Баспаналары мен жер телімдері су астында қалған тұрғындарға жәрдемдесіп, көмек көрсетіңіздер. Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізуді жалғастыруды тапсырамын. Күштер мен құралдар әрдайым жедел әрекет етуге дайын болуы тиіс", — деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысы соңында Премьер-министр Олжас Бектенов министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через