
фото: Тұрсын Күбікенованің жеке архивінен
"Бүкір болудан қорықтым",-дейді Тұрсын апа.
Тұрсын Күбікенова сексеннің сеңгірінен асса да, салауатты өмір салтын ұстанып, әлі күнге спортпен шұғылданады. Соңғы үш жылда еңкіш тартқан арқасын да тіктеп алыпты.
Тұрсын апа Қарағандыда тұрады. Жүн өңдеу зауытында жұмыс істеген. Ауыр еңбек жолын бастан кешсе де әлі күнге бойын тік ұстап, спортпен шұғылданады. Төрт баланың анасы ондаған немере мен шөбере сүйіп отыр. Апаның өмірге деген құлшынысы ерекше.
"Бірнеше көшені жаяу жүріп өтемін. Бұл - күнделікті әдетім. Баяғыда қолымды сындырып, содан қалпына келтіру үшін жаттығу жасаумен айналыстым ", - дейді Тұрсын апа.
Ол жас буын екі жастың біріне келмей жатып қартаймай, спортпен айналысса дейді.
"Спортпен айналыссын. Тәні саудың жаны сау деген. Өзім арқам бүкірейіп бара жатқан соң үш жыл бұрын осы омыртқаны түзеу үшін жаттығу жасай бастадым. Нәтижесі өте жақсы. Омыртқам тіктеліп, арқам жазылды. Қан қысымым жоқ, аяқ-қолым ауырмайды", - дейді Тұрсын апа.
Қызы Сәуле Күбікенова анасының соңғы жылдары салауатты өмір салтына ерекше ден қойғанын айтты.
"Анамның шешесі тыл ардагері болған. Сонда арқаға қап-қап бидай салып, қамбаға тасыған екен. Содан омыртқасы қатты қисайып, еңкейіп кетіпті. Анам сол шешесінің жағдайынан қатты қорықты. Қазір анам таңғы алтыда тұрып, бау-бақшаны суғарып, бір тыным таппайды", - дейді Сәуле Күбікенова.

84 жастағы Тұрсын Күбікенова әлі күнге спортпен шұғылданады
© Photo : Тұрсын Күбікенованің жеке архивінен
Тұрсын апа жаттығу жасау үшін балалары спорттық құрал-жабдықтың бәрін әперіп қойған. Әжейдің әлеуметтік желіден де хабары мол. Ғаламтордағы ақпараттың тек пайдалысын ғана көреді, дейді қызы.
Тұрсын апа мақсатым орындалды, ендігі арманым ұрпақтың дені сау болса екен дейді. Оның айтуынша, кез келген мемлекеттің болашағын зор ететін - тәні де, жаны да сау қоғам.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через