Неміс компаниясы су үнемдейтін технология өндірісін іске қоспақ

Неміс компаниясы су үнемдейтін технология өндірісін іске қоспақ
фото: CC BY-SA 4.0 / Wikipedia/Panpanchik

Бүгінде Қазақстанда су үнемдейтін суару жүйелерін шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істейді

Неміс компаниясы Қазақстанда су үнемдейтін технология өндірісін іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Министр Нұржан Нұржігітов германиялық BAUER компаниясының президенті Отто Ройсспен кездесті.

Кәсіпорын ауылшаруашылық алқаптарын суаруға арналған құрал-жабдықтар шығарумен айналысады. Тараптар Қазақстан аумағында неміс суару жүйелерін өндіруді іске қосу мүмкіндігін талқылады.

Бүгінде Қазақстанда су үнемдейтін суару жүйелерін шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істейді. Сондай-ақ бес шетелдік зауытты іске қосу жоспарланып отыр.

"Біздің министрлік Қазақстанға су үнемдеу технологияларын шығаратын шетелдік компанияларды тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар шаруалардың заманауи суару жүйелеріне көшуі үшін субсидия түрінде барлық қажетті жағдай жасалып жатыр", - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Былтыр осы қолдаудың арқасында мұндай жүйелер 158 мың гектар егіс алқабына енгізілген.

ҚазАқпарат