Алтынның 1 грамы 50 мың теңгеден асты

Алтынның 1 грамы 50 мың теңгеден асты
фото: pixabay.com

АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа баж салығын жариялағаннан кейін қымбат металдың бағасы күрт көтерілді. Осының аясында алтынға актив ретінде сұраныс артты, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Биыл бағалы металл бағасы 21% қымбаттады. Өткен жылы алтынның құны бірнеше факторлардың, оның ішінде қолайлы ақша-кредит саясатының және орталық банктер тарапынан белсенді сатып алулардың, сондай-ақ инвесторлардың баспана активтеріне сұранысының арқасында 27%  өскен еді. 

Бірнеше ірі банк, оның ішінде Goldman Sachs, алтынның мақсатты бағасын көтерді. Goldman Sachs сарапшылары жыл соңына қарай алтын бағасы бір унция үшін $3300 болады деп болжап отыр.

Жағандық өзгерістерден шет қалмайтын біздің елімізде де алтын бағасы шарықтап барады. Нарықта бағалы металдың ресми құны жаңа рекорд орнатып, 1 грамы 50 мың теңгеден асып кетті. Яғни, жыл басынан бері 13 пайызға өскен. 

Ал Нью-Йорк биржасында алтынның бір трой унциясы 3 мың 100 долларға жетті. Бұған инвесторлар мен өндіріс секторы тарапынан қымбат металдарға деген сұраныстың артуы себеп, дейді мамандар.