3 жасар бала үйден жалаңаяқ шығып адасып кеткен

3 жасар бала үйден  жалаңаяқ  шығып  адасып  кеткен
фото: https://pixabay.com/ru/

Үйдегілерден ерте оянған 3 жасар бала ашық тұрған қақпадан далаға шыққан

Таңғы сағат 07:10 шамасында Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, Леңгір қаласы көшелерінің бірінде жеңіл киінген, аяқ-киімсіз кішкентай ұл бала жүргенін айтқан.

Полиция баланың ата-анасын іздеу жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Нәтижесінде өзінің ұлын іздеп жүрген әйел анықталып, полицияға жеткізілді.

Таңғы сағат 06:00 шамасында анасы әдеттегідей жұмысқа шығып кеткен. Үйдегілерден ерте оянған 3 жасар бала ашық тұрған қақпадан далаға шыққан. Содан анасын іздеп, шамамен 3 шақырым қашықтыққа дейін кетіп қалған.

Ал қараусыз жүрген баланы тауып алған Нұрбек Арапбаев бұл жағдайға бей-жай қарамай, бірден әрекет етіп, баланы қауіпсіз жерге жеткізеді.

Нұрбекке полиция басшысы Ғалымжан Қуашбаев алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

ҚазАқпарат