Үржарда жаңа зауыт салынып жатыр

Үржарда жаңа зауыт салынып жатыр
фото: © Абай облысының әкімдігі

Зауыт іске қосылғанда тәулігіне 500 тонна шикізат өңделеді

Абай облысындағы Үржар ауданында майлы дақылдарды өңдейтін жаңа зауыттың негізгі блогын салу жұмысы басталды.

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли жұмыс сапары барысында майлы дақылдарды өңдейтін май зауытының құрылысымен танысты.

"Жеке инвестор есебінен салынып жатқан нысанның құрылысы былтыр күзде басталған. Кеңсе ғимараты мен жұмысшыларға арналған жатақхана салынған. Қазіргі таңда май өңдеу блогының құрылысы жүргізіліп жатыр", - делінген ресми хабарламада.

Зауыт іске қосылғанда тәулігіне 500 тонна шикізат өңделеді. Жобаның қазіргі құны — 1,5 миллиард теңге.

Ал облыс әкімі Үржардың негізгі проблемасын атады. Уәлидің айтуынша, жазда туристер көбейгенде жанармай тапшылығы байқалады. Алдағы уақытта тағы бір жанар-жағармай құю станциясы салынады.

"Аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аудан үшін тиімді болары анық. Жаңа жұмыс орындары құрылады, қызмет көрсету сапасы да артады", - деді аймақ басшысы.

ҚазАқпарат