Түрік инвесторлары Қазақстанда мал қалдықтарынан электр энергиясын өндірмек

Түрік инвесторлары Қазақстанда мал қалдықтарынан электр энергиясын өндірмек
фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кәсіпорын іске қосылғанда 100-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылады

Түркістан облысында түрік инвесторлары биогаз және интеграцияланған тыңайтқыштар өндіретін зауыт ашады, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Түркия елінен келген инвесторлармен кездесіп, жаңа жобаларды жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.

Кездесуде түркиялық инвесторлар агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған жобаларын таныстырып, жоспарларын бөлісті. Олар мал қалдықтарын қайта өңдеу арқылы электр және жылу энергиясын өндіруді көздеп отыр.

"Нақтырақ айтқанда, биыл Түркістан облысы Сайрам ауданынан жасыл технология негізінде биогаз өндірісін іске қосу жоспарлануда. Жоба құны – 40 млн АҚШ доллары", - деп жазылған хабарламада.

Кәсіпорын жылына 75 тонна органоминералды тыңайтқыштар мен 40 млн кВт электр энергиясын өндіру жоспарлануда. Кәсіпорын іске қосылғанда 100-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылады.

Айта кетері, биыл Сайрам ауданында жалпы құны 74,3 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.

ҚазАқпарат