Қазақстан жанбайтын әрі балқымайтын кабельдер өндірісін қолға алды

Қазақстан жанбайтын әрі балқымайтын кабельдер өндірісін қолға алды
фото: obvk.kz

Отандық өнімнің үлкен партиясы былтыр шетел асқан.

Қазақстан жанбайтын әрі балқымайтын кабельдер өндірісін қолға алды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғалымдар мен жергілікті кәсіпорын бірлесіп шығарған отқа төзімді кабельдерді таныстырды.

"Қазэлектромаш" компаниясын шақырып, олардан кабелдердің қандай қасиеттерін өзгерту керек деп сұрадық. Біріншіден, отқа төзімділік деп айтты. Неге десеңіз, түрлі апаттардың, оттың шығуы кез келген ғимараттарда кабельдердің себебінен болады. Мысалы, электр қуаты өшіп қалғанда немесе кедергі болғанда, от көбінесе кабельдерден шығады. Сондықтан Еуразия ұлттық университеті Ядролық физика институтының ғалымдары бірігіп, жанбайтын, отқа төзімді, радиацияны өткізбейтін кабельдер өнімін оңтайландыруға өзінің үлесін қосты", - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Саясат Нұрбектің сөзінше, бұл кабельдер балқымайды.

"Жақында кабельдердің бірінші партиясы шыққанда Премьер-министрдің кабинетіне кірдім. Ол сенбей қалды. Сосын "зажигалкаңды әкел" деді. Мен осылай жарты сағаттай кабельді жағып тұрдым. Бұл кабель жанбайды. Былтыр кабельдердің бірінші үлкен партиясы экспортқа кетті. Қазір "Өзбекстан темір жолдары" ұлттық компаниясы осы кабельдерді қолданады", - деді Ғылым және жоғары білім министрі.

ҚазАқпарат