Өзбек медицинасы несімен озып тұр

Өзбек  медицинасы  несімен  озып  тұр
фото: https://pixabay.com/ru/

Кейінгі жылдары сырқаттанып, ем іздеген қазақстандықтардың Түркия, Өзбекстан секілді алыс-жақын елдерге баруы жиіледі.

Шетелге барып келгендер расымен дертінен құлан-таза айығып келіп жатыр ма деген сұрақ туындайды. Оның нақты жауабын ешкім білмейді. Бір анығы дертіне шиап іздеп, өзге елдерді жағалағандардың қарқыны  жақын уақытта басыла қоймайтын іспетті.

Барлығы қарым-қатынасқа байланысты

Бұрын қалтасы қалың азаматтар Түркияға барып емделетін. Аса ауыр науқастарды да қолдан көмек етіп, сонда аттандыратын үрдіс бар. Дегенмен жұрттың бәрі разы болып қайтпады, кей азаматтардан "тек маркетингі жақсы" деген пікірлерді естіп жүрдік. Жағдайы жеткендер ем алу мақсатымен Оңтүстік Кореяға да сапарлады. Көп ұзамай қазақтар жиі барып емделетін елдер қатарына оңтүстіктегі іргелес көрші Өзбекстан қосылды.

Бәрінің айтатыны біреу – "өзбекстандық медицина арзан әрі дәрігерлері білімді". Одан қалды, ақшасын төлесеңіз шекарадан күтіп алып, жатын орын, ішер ас, дәрігерге кезексіз кіргізу секілді қызметтерді ұсынатын делдалдар қаптады. Визасыз емін-еркін ем алып жүруге мүмкіндік бар.

Көрші ел медицинасы несімен мықты?

– Қазақстандықтардың Өзбекстанға неге жиі барып емделуінің сыры неде деген сұрақ туындайды. Өзбекстандық дәрігерлердің білімі біздегілермен тең немесе төмен болмаса артық емес. Медициналық орталықтарының жабдықталуы Қазақстанға жетпейді. Бір ғана артықшылық – медицина қызметкерлерінің науқаспен жақсы қарым-қатынас құра алуы. Кез келген медицина мекемесінің күзетшісінен бастап адамға жылы сөйлейді, күліп қарсылап алады. Құдды, сол жерде мәңгі қалып кеткіңіз келетіндей. Біз де осы үрдіске көшуіміз керек-ау.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда кей медицина қызметкерлері науқастармен дұрыс сөйлеспейді, жақсы қарым-қатынас орнатпайды, оны өзімізде көріп жүрміз.

Бүгінге дейін 48 мың қазақстандық көрші елге барып ем қабылдаған екен. Расымен де науқасты емдеуде бірінші мәселе қарым-қатынасқа келіп тіреледі делік. Ал екінші мәселе, бағаның арзан болуында.

Мысалы, Өзбекстанда кез келген дәрігердің қабылдауы жергілікті халық үшін 30 мың сум болса, шетел азаматтарына – 50 мың сум. Қазіргі курспен шаққанда 2 мың теңгеге де жетпейді. Қазақстанда бағасы арзан саналатын өңірлердегі клиникалардың өзінде дәрігердің жай кеңес беруі үшін қабылдауы 5-10 мың теңгеден басталады.

Көрші елде электрлі энцефалография түсу үшін өзбек сумымен 84 мың төлеу керек, теңгемен 3200-ге жуықтайды. Ал магнитті-резонанстық томографияға басты түсіру бағасы – 7,5 мың теңге. Осы айтқан МРТ қызметінің Қазақстанда ең арзаны 25 мың теңгеден басталып, өсе береді. Көріп отырғанымыздай, екі елдегі баға айырмашылығы 4 есе.

Қазақстанда стоматолог қызметінің құны шарықтап тұр. Ақылы жерлерде жаныңыз қиналғанда бір тісті жұлдырту үшін 20-30 мың теңге шығындайсыз. Өзбекстанда 100 мың теңгеге адам барлық тісін емдете алады. Міне, осындай екі себептің әсерінен Өзбекстан медицинасы шетелдіктерге танымал бола бастады.

Қаржы мәселені шешпей жатыр

Мақтар тұсы көп болғанымен, Өзбекстан медицинасының да кем тұстары баршылық. Мысалы, көрші ел біз секілді медицинаға көп қаржы бөлмейді, соның әсерінен ауыр диагноздарды анықтауда, емдеуде шамасы жеткілікті емес. Онкологиялық аурулардан айығуға өзбектер көбіне Ресейге сабылады.

Былтыр Қазақстан медицина саласына 3,3 трлн теңге бөлді. Аз қаржы емес, алдағы уақытта мөлшері өсуі мүмкін. Себебі 2027 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 5 пайызы осы салаға бағытталмақ. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 135,25 трлн теңге болған. Егер оның 5 пайызы медицинаға аударылса, 6,8 трлн теңгеге жуық қаржы. Демек, алдағы 2 жылда еліміз салаға бөлінетін қаржыны шамамен 2 есе арттырмақ. Осыған қарамастан отандық медицинаға неге сенім аз?

2024 жылы елдегі медицина мекемелері мен қызметкерлерге 7 мыңнан астам шағым түскен. 32 пайызы – сапасыз көмекке, 22 пайызы – бітпейтін кезекке, 15 пайызы – қызметкерлердің дөрекі сөйлеуіне, 12 пайызы қате диагноз қойғанына шағымданған. Бұл елге мәлім болған цифрлар ғана, әйтпесе кіжінісін ішіне жасырып, отандық медицинадан әбден көңілі қалған азаматтар бұнымен шектелмейді. Қазақстандықтардың шетелге неге сабылып жүргенінің себебі де осы екен.