
фото: pixabay.com
Елімізде жаңа ереже күшіне енді. Бұдан былай сырттан заңсыз енген телефондар бұғатталады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мобильді құрылғылар үш санатқа жіктеледі. Заңды түрде тіркелгендері - ақ, күмәнділері - сұр, ал елге заңсыз әкелінген немесе ұрланған байланыс құралдары қара тізімге енеді. Бұл өзгерістер не үшін қажет? Бұғатталған телефонды қалпына келтіруге бола ма? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрейік.

Фото: pixabay.com.
Әрбір телефонның IMEI коды болады. Бұл 15 таңбалы бірегей нөмір. Яғни, құрылғының жеке куәлігі. Смартфонның моделі, сериясы, қай жақта шығарылғаны осы сандарда жазулы. Әдетте, бұл код девайс қорапшасының артында тұрады. Оны *#06# нөмірін теріп те біле аласыз.
IMEI код арқылы телефонның заңдылығын тексереміз. Ол телефон бұған дейін ұрланған болды ма, немесе ол біреудің жоғалған телефоны болды ма деп соны тексере аламыз. Телефонның қорапшасындағы IMEI код пен, телефонның параметріндегі IMEI кодтың сәйкестігін де тексерген абзал, дейді IT-маманы Шыңғыс Ерболат.
Мамандардың дерегінше, Қазақстанда 3.7 млн телефонның IMEI коды қайталанады. Заңсыз әкелінген құрылғылардан мемлекет былтыр 100 млрд теңге көлемінде салық жоғалтқан. Мұның алдын алу үшін 24 наурыздан бастап жаңа ереже күшіне енді. Күмәнді телефондар сұр тізімге енгізіліп, иесіне хабарлама келеді. Ол 30 күн ішінде телефонның заңдылығын дәлелдемесе, құрылғы қара тізімге өтеді.
Дәлелдеу үшін сіз ол телефонның құжаттарын көрсету керексіз. Бұл телефон рас, сатып алынған. Яғни, сіздің атыңызда. 30 күн өткеннен кейін де дәлелдеу құжаттарын әкелетін болса бұл қара тізімнен ақ тізімге ауыстыратын боламыз. Мүмкіндік болады, егер де бұл телефон заңды түрде сатып алынған, заңды түрде еліміздің аумағына енген болса, дейді ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитетінің басқарма басшысы Азамат Серіктаев.
Ал қолданыстағы телефондардың барлығы дерлік ақ тізімге енеді. Жаңа ереже тек 24 наурыздан бастап сатылатын құрылғыларға қатысты. Сондықтан смартфон алмас бұрын оның IMEI кодын тексеріп, құрылғының заңды екеніне көз жеткізуді ұмытпаңыз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через