Америкалық хирургтар Қазақстанда операция жасайды

Америкалық хирургтар Қазақстанда операция жасайды
фото: https://www.nur.kz

       Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени-іскерлік қауымдастығы Қазақстандағы балалардың емі үшін қайырымдылық концертін өткізді

       Вашингтондағы елшілік ғимаратында өткен шараның мақсаты – бас, бет сүйегінің ақауы бар балаларға операция жасау үшін қажетті қаражат жинап беру. Сонымен бірге америкалық білікті дәрігерлерді Алматыға арнайы алып бару. Ал, қайырымдылық шарасында ұлттық зергерлік бұйымдар мен қолөнер туындыларының аукционы ұйымдастырылды.

       Қазақстанға командасымен бірге келе жатқан дәрігер – Даррин Хуберт. Рочестер және Пенсильвания университеттерінде біліктілігін арттырып, Вирджиния штатының Ричмонд қаласында пластикалық хирургия бойынша ота жасайды. Алматыдағы №5 клиникалық ауруханаға өзімен бірге бір хирург және екі ассистент ала баруды жоспарлап отыр. Қажетті құрал-жабдықтарын да өзімен бірге ала бармақ. Он күн ішінде операция жасап қана қоймай, өз саласы бойынша дәрістер өткізіп, білгенімен бөліскісі келеді.

       Солтүстік Америкадағы Қазақстанның мәдени-іскерлік ассоциациясы Қазақстан АҚШ, Канада, Мексика арасындағы ынтымақтастықты осы секілді іс-шаралармен ары қарай да жемісті ете түссек дейді. Осыған дейін қазақ өнерпаздарының концерттері мен қазақ кәсіпкерлерінің Солтүстік Америкадағы форумдарын ұйымдастырып, қос тарапқа көпір болған. Енді олар денсаулық сақтау саласында әріптестік жобаларды арттыруды мақсат тұтып отыр.

       https://24.kz/kz