
фото: Сапалы Қазақстан
Шетелге шыққысы келетін кей қазақстандықтар мемлекеттік төлқұжатты тегін ала алады. Мәселен, былтыр 102 мың азамат паспорт алу үшін төленетін баж салығынан босатылған. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік құжатты алу үшін баж салығын төлемейтін азаматтардың санаты бар.
Салық кодексінің 622-бабына сәйкес:
- ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар
- Кеңес одағының батырлары
- Социалистік еңбек ерлері
- Мүгедектігі бар азаматтар (барлық топ)
- Бала кезінен мүгедек болған азаматтың ата-анасының бірі
- Қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын егде жастағы адамдар
- Жетім балалар және балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар
- «Батыр Ана», «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерінің иелері
- Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтарға төлқұжат тегін беріледі.
Демек, кез келген қазақстандық өзінің белгілі бір санатқа жататынын құжат жүзінде дәлелдесе жеткілікті. Төлқұжат өтініш қабылданғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Алайда мұндай азаматтар құжатты жедел алғысы келсе, ақы төлеуі керек.
– Бірақ жеделдетілген паспортқа баж салығы салынады, яғни ол шамамен 1,5-3 мың теңгенің аралығында болады. Сонымен қатар жеделдетілген төлқұжат Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында 1-3 күнде дайын болса, басқа республикалық маңызы бар қалаларда 3-5 күн алады. Ол поштаның жеткізу мерзіміне байланысты, - дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті Халықты құжаттандыру басқармасының аға инспекторы Айнұр Байгеленова.
Өзге қазақстандықтар мемлекеттік төлқұжатты алу үшін белгіленген баж салығын төлеуі керек.

Фото: pixabay.com.
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап төлқұжат пен жеке куәлік жасату құны өсті.
Төлқұжат жасату құны:
– 24 парақ – 4 АЕК, яғни 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
– Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 8 АЕК яғни, 31 456 теңгеге өседі.
– 48 парақ – 12 АЕК, яғни 47 184 теңге (ересектерге) болады.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, төлқұжатты тезірек алуына болады.
Жеке куәлік жасату құны:
Тұрғындар жеке куәлік жасату үшін 0,2 АЕК немесе 786,4 теңге төлеуі керек. Бірақ жеке куәлігін жоғалтып, бір жыл ішінде екі реттен артық жасатса, 1 АЕК немесе 3 932 теңге төлейтін болады.
Жеделдетіп әзірлеу мүмкіндігі
Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары үшін: 1 жұмыс күнінде әзірлеп беру - 3 372 теңге, 3 жұмыс күнінде дайындап беру үшін - 1 771 теңге төлеу керек.
Облыс орталықтары үшін: 3 жұмыс күні - 3 372 теңге. 5 жұмыс күні - 1 771 теңге.
Аудандар мен облыс қалалары үшін: 7 жұмыс күні - 605,31 теңге.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через