
фото: Назарбаев университетінің Facebook-тегі арнайы парақшасы
Астанада Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлері Олжас Бектенов пен Адылбек Қасымалиев сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Тараптар екі ел басшыларының арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарады. Онда сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, туристік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ АӨК-ке қатысты мәселелердің кең ауқымы қамтылды.
"Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көрсеткіштері тағы да артып, 1,7 млрд долларды құрады. Сонымен қатар біз сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз", — деді Олжас Бектенов.
Қырғыз үкіметінің басшысы Адылбек Қасымалиев екі бауырлас мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастығы ерекше стратегиялық сипатқа ие екенін айтып, бұл кездесу екі тарапты да қызықтыратын көптеген мәселелер бойынша пікір алмасуға, екі елдің мүдделеріне сай келетін жаңа ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Келіссөздер барысында су-энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Шу және Талас өзендері бойында вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз ету, Киров су қоймасын қауіпсіз пайдалану және өңірлік энергетикалық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
"Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық желісі бойынша биыл Қырғызстанда Қазақ киносы күндерін өткізу жоспарланған, сондай-ақ Қырғызстан аумағында қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелері пысықталуда, - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар жаңа туристік бағыттарды дамыту шаралары оның ішінде, трансшекаралық эко-бағыттар құру, белсенді туризм үшін инфрақұрылымды дамыту және қонақ үй бизнесіне инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через