Еліміз қалаларында киноға билет қанша тұрады

Еліміз қалаларында киноға билет қанша тұрады
фото: Сапалы Қазақстан

Қазақстандықтар демалыс күндерінде киноға барып, уақытты қызықты өткізеді. Ал оның билеті еліміздің өңірлерінде әртүрлі. Kazinform агенттігінің тілшісі бағаны салыстырды.

Рейтинг жасаған кезде прайм-тайм уақытты, яғни сағат 19:00–20:00 аралығындағы билет бағасына назар аударған едік. Бұл уақытта көбіне премьераларды көруге болады. Билет ересектерге, балаларға және студенттерге деп үш топқа бөлінеді.

Ересектер үшін ең арзан билет Жезқазғанда болып шықты. Мұнда орташа баға шамамен 1200-ден басталып 1800-ге дейін жетеді. Балалар үшін де осы баға қойылған. Ал студенттерге арналған билет құны — 1700 теңге. Бір айта кетерлігі, мұнда ЖОО мен колледж студенттеріне бәрі бірдей жеңілдік ұсына бермейді.

Қарағандыда баға сәл жоғары. Мұнда ересектер билетінің құны 1400-2200 теңге аралығында. Балаларға 1200 теңгеден басталып 1700 теңгеге дейін жетеді. Ал студенттерге Қазақстан бойынша ең арзан билет ұсынады. Мұнда 1100 теңге.

Коллаж: Kazinform

Орал мен Семей кинотеатрларында баға 1500 теңге болып тұр. Оралда балаларға арналған билет бағасы 900, ал Семейде 1300 теңге. Студенттер 1300 және 1500 теңге төлейді.

Содан кейінгі орында Петропавл тұр. Мұнда ересектерге арналған билет құны — 1700-2000 теңге аралығында. Ал балаларға 1200-1600 теңге, студенттерге 1400-1800 теңге сұрайды. Сонымен бірге Шымкентте ересектер кино билетін 1700 теңгеге сатып алады. Мұнда балаларға арналған билет құны 1000-2100, ал студенттерге 1700-2000 теңге.

Талдықорғанда отбасы болып кино қарауға барсаңыз, балаңыз бен студентті ертіп апарсаңыз 6400 теңге төлейсіз. Мұнда ересектерге билет 1800, балаларға 1300, ал колледж бен ЖОО студенттеріне 1500 теңге.

Тараз, Көкшетау, Ақтөбе мен Павлодарда кино сеансы 2000 теңге тұрады. Бұл қалаларда балаларға арналған билет 1300, 1200, 1500 және 1000 теңге деп көрсетілген. Осы қалалардың ішінде Көкшетауда студенттерге арналған билет арзан. Мұнда 1500 теңге. Кейінгі орында Тараз тұр. Бағасы — 1700 теңге. Павлодарда 1800-2800, ал Ақтөбеде 2000 теңге тұрады.

Қазақстанның астанасындағы кинотеатрларда билет бағасы 2100-3200 теңге аралығында. Ал балаларға арналған билет құны 1400-1800 теңге. Студенттер 1700-2200 теңге төлейді.

Қостанайда баға жоғары. Жергілікті тұрғындар үлкен экраннан кино көрсе, 2400 теңге төлейді. Балаларға арналған билет 1200, студенттерге арналған билет құны 1400 теңге тұрады.

Алматыда ересектерге арналған билет бағасы 2500 теңгеден басталады. Балалар кино көрсе билет 1300 теңге, студенттерге 1800-2000 теңге.

Қазақстанда билет құны 3000 теңгеге жететін кинотеатрлар да бар. Өскеменде ересектерге арналған билет 2800-3200 теңге тұрады. Балаларға 1500-1700, студенттерге 2400-2700 теңге төлейді. Ал Түркістанда билет 2900 теңге тұрады. Балаларға 1600, колледж бен ЖОО студенттеріне 1900 теңге.

Билет бағасы жоғары қалалар бойынша екінші орында Қызылорда тұр. Кешкілік киноға барсаңыз, билет 3000 теңге төлейсіз. Балаларға 1700, студенттерге 2000 теңге тұрады.

Елімізде ең қымбат билет Атырауда болып шықты. Мұнда ересектерге арналған билет құны 3200 теңге тұрады. Балаларға арналған билет 1400, студенттерге 2200 теңге болып тұр.

Айтып өтейік, күндіз кинотеатрларда билет бағасы арзан.

Инфографика: Kazinform