
фото: pixabay.com
Әрбір адам шетелге барып демалуды, саяхаттауды армандайды. Неліктен? Себебі өзге мәдениетпен, беймәлім тарихпен, жаңа адамдармен танысқысы, белгісіз тағамдарды дәмін татқысы сондай-ақ жоғары деңгейлі қызметті, бай экскурсиялық бағдарламаны көргісі келеді. Бірақ бұл Қазақ елі саяхатшыларға ештеңе ұсына алмайды дегенді білдірмейді. Біздің елімізде тамашалуға тұрарлық, әрі міндетті түрде барып көруге лайы керемет орындар жеткілікті. Онда неліктен шетелдік бағыттар анағұрлым танымал?
«Туристік Қамқор» қоры жарияланған дерекке сүйенсек, 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан 31-ші желтоқсанына дейін Қазақстаннан шамамен 1 млн 3 мың адам демалысқа шетелге шыққан. Салыстыру үшін айта кетейік, 2023 жылы бұл көрсеткіш 794 194 адам болған. Бұл көрсеткіште туркомпаниялар арқылы пакеттік турларды таңдағандарды ғана ескерілген.
Мұнан басқа, туристік операторлардың көмегінсіз әуебилеттерін, қонақ үйлер мен экскурсияларды брондау арқылы өз бетінше саяхат жасайтын қазақстандықтардың қатары да едәуір. Мұндай саяхатшылардың саны туралы нақты дерек жоқ.

Фото: pixabay.com.
Бір жылда бір рет бұйыратын демалысы кезінде шетелге шыққысы келетіндер көп. Олардың басым бөлігі теңізге барғанды қалайды. Бұл түсінікті. Себебі денені күнге қыздыру, теңізде шомылу және жағажайда ұсақ құмды басу, серуендеу денсаулыққа пайдалы. Осылай табанға жасалған массаж стрессті жеңілдетуге, қан айналымын жақсартуға және иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі деп мәлімдейді дәрігерлер.
Теңізде 10 минут жүзген адам, егер оның салмағы 70 кг болса 70 калорияны, ал құмда жарты сағат жүрсе 158 калорияны жояды, сонымен қатар буындарын бекітеді.
Біздің отандастарымыз қай бағытты көбірек таңдайды? Қалай демалғанды ұнатады? Нақты ақпаратқа қол жеткізу үшін «Фарджи» туристік компаниясының директоры, Қоғам қайраткері, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының мүшесі Фарида Жылқыбаеваға хабарласқан едік. Ол қазақстандықтар арасында сұранысқа ие бағыттардың ішінде әдемі жағажайларымен, жоғары қызмет көрсету деңгейімен және бай мәдениетімен Түркия бірінші орынға жайғасқанын айтты.

Фото: pixabay.com.
Көпшіліктің таңдауы Түркия
Егер мүмкіндігі болса, отандастарымыз үшін демалатын жерлер көп. Жағажай демалысын, бір сапарда бірнеше елді, бірнеше қаланы аралуға болатын круизді таңдауға, ал қысты күні Еуропа елдеріне барып, шаңғы теуіп, тауда сырғанап, керемет сезімге бөленуге болады. Бұдан бөлек Грузия, Әзірбайжанға, Италияға, Францияға экскурсиялық тур бойынша барып қайтуға болады. Қазір Қытайдың Хайнань аралына да сұраныс артқан. Бұл елдерге жолдама аса қымбат емес, көрсетілетін қызмет сапасы да жоғары. Барлық демалыс орындарына Қазақстаннан тікелей чартерлік рейстер ашылған. Ең танымал елдер рейтингінде қазақстандықтарды өзінің әдемі жағажайларымен, жоғары қызмет көрсету деңгейімен және бай мәдениетімен тартатын Түркия дәстүрлі түрде бірінші орынды иеленеді. Бұл тізімді ары қарай Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Таиланд, Қытай, Грузия, Мальдив аралдары, Катар және Шри-Ланка жалғастырады. Бұл елдер жағажай және экскурсиядан бастап белсенді және сауықтыру туризміне дейін демалудың әртүрлі нұсқаларын ұсынады, дейді Фарида Жылқыбаева.

Фото Фарида Жылқыбаеваның жеке архивінен.
Қыс мезгілінде қазақстандықтар танымал демалыс орындары Мальдив, Таиланд, Вьетнамға, сондай-ақ өзінің курорттары мен көрікті жерлерімен танымал басқа да бағыттарға қызығушылық танытады.
Ел тарихындағы абсолюттік максимум
2024 жылдың қаңтар-қазан айларында қазақстандықтар Мальдив аралдарына 22,3 мың рет барды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42% -ға көп, және 2009 жылдан бергі қол жетімді статистиканың бүкіл тарихындағы абсолюттік максимум. Қазақстан Мальдив аралдарындағы туристер саны ең көп елдер арасында 18-орынды иеленді, дейді Фарида Жылқыбаева.
Қазақстандықтар жиірек баратын тағы бір танымал бағыт экзотикалық Таиланд.
Таиланд қазақстандықтар үшін тағы бір танымал бағытқа айналды. 2024 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстан тұрғындары бұл елге 144,3 мың рет барған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17% -ға көп. Бұл да соңғы 15 жылдағы рекордтық көрсеткіш.
2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте қазақстандықтардың Грузияға жасаған сапар саны 147 мыңға жетті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13% көп. Бұл көрсеткіш алдыңғы рекордтардан асып түсті және 2011 жылдан бері ең жоғары көрсеткіш болды.
Қытайдағы Хайнань аралы да қазақстандықтардың қызығушылығын тудырды. Өткен жылдың алғашқы 10 айында қазақстандық туристер Хайнань қонақ үйлеріне 35 мың рет аялдаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1049% артық, деп атап өтті Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының мүшесі.

Фото: pixabay.com.
Спикердің айтуынша, отандастарымыз Шри-Ланкаға 2024 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін 9,5 мың сапар жасапты, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп екен. Бұл соңғы алты жылдағы рекордтық нәтиже болды.
Шетелге барғандардың басым бөлігі 26 мен 40 жас аралығындағы табысы орташадан жоғары жастар. Шетелге туристік ағынның басым бөлігі ең жақын көршілес елдер Қырғызстан мен Өзбекстанға болды. Алыс елдердің ішінде Түркия, БАӘ және Мысыр көш бастады, деді Фарида Жылқыбаева.
«Туристік Қамқор» қоры жарияланған дерекке сүйенсек, өткен жылы қазақстандықтардың жеке мақсатта шетелге шығуға жұмсаған жалпы шығыны 46,3%-ға өсті. 12 айда сапарға шыққан азаматтар жол жүру, тұру, тамақтану және түрлі қызметтерге шамамен 270 млрд теңге жұмсаған. Шетелде ең көп сатып алынатын заттар киім мен аяқ киім (сатып алуға жұмсалған шығындардың 42,1%), сондай-ақ жақын адамдарға арналған сыйлықтар мен кәдесыйлар (27,4%) екен.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через