Құрылысқа рұқсат беретін құжатын көрмей, тұрғын үйге қаржы салмаңыз – маман кеңесі

Құрылысқа рұқсат беретін құжатын көрмей, тұрғын үйге қаржы салмаңыз – маман кеңесі
фото: https://pixabay.com/ru/users

Тұрғын үй құрылысына қаржы салған кезде компанияның құрылысқа рұқсатының бар-жоғына көз жеткізіп барып, қаржы салу қажет. Мұндай кеңесті Астана қалалық заң консультанттары палатасының мүшесі Ардақ Әбеуова беріп отыр.

- Құрылыс компаниясына барған кезде ең алдымен рұқсат қағазын сұрау қажет. Мәселен, мен ақшамды бергеннен кейін сұрауға, білуге құқығым бар. Жарнамасында «осындай үй, пәтер болады, 1 бөлме, 3 бөлме аласыз» дегендей деректер келтіреді. Осы кездегі ең маңызды мәселе - құжаттарға мән беру. Егер құжаттарын көретпесе, тұрғын үй құрылысына қаражат салмаңыз. Немесе Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына барып та тексеруге болады, - деді заңгер.

«Астана қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ басшысы Ғани Тажиевтің айтуынша, елордада салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысына рұқсаттың бар-жоғы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының ресми сайтында орналастырылған.

- Қазіргі кезде қалада жалпы аумағы 8 млн шаршы метрді құрайтын 262 тұрғын үй кешені салынып жатыр. олардың рұқсаты барларын сайтқа орналастырып отырамыз. Адамдар көбіне жарнамаға сеніп қалады. Сонымен қатар сеніп қалу себебі қаржыға да байланысты. Төмен бағамен сатады. Арзан бағамен ұсынылған тұрғын үй кешені бірден күмән тудырады. Арзан болуы мүмкін емес. Өйткені, 1 шаршы метрге қанша қаражат кететінін білеміз. Осыған орай қолданатын шарамыз да аз, қолымыз қысқа. Барып айыппұл саламыз, ол мардымсыз. Дегенмен, прокуратурамен, Полиция департаментімен жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.

Басқарма басшысы жалған жарнама берген құрылыс компанияларына да 300 АЕК      (1 107 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынатындығын айтады.

https://kaz.inform.kz/