Неге биыл 3 мың әскери міндетті адам жиынға шақырылмақ

Неге биыл 3 мың әскери міндетті адам жиынға шақырылмақ
фото: pixabay.com

Қорғаныс министрлігі биыл – 2025 жылы әскери жиындарға шақырылатын әскери міндетті қазақстандықтардың санын жариялады. Ол 2024 жылғы 3 мың адам сан мөлшерінде өзгеріссіз қалды. Ал 2022 және 2023 жылдары екі есе аз – 1500 адамнан шақырылған болатын. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, әскери жиындардың негізгі мақсаты – бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, соғыс уақытында жасақтау аудандарында жұмылдыру және жасақтау кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын өрістетуге қажетті әскери оқытылған ресурсты даярлау және запаста жинау.

"Осындай әскери жиындар 2007 жылдан бастап жыл сайын 30 күндік мерзіммен өткізіледі. Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін әскери міндеттілерге ең төменгі жалақы төленеді. Әскери міндеттілерді жиындарға және одан кері тасымалдау теміржол немесе автомобиль көлігімен жүргізіледі, сондай-ақ оларды тамақтандыру ҚР Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен жүргізіледі", – делінген министрліктің түсіндірме жазбасында.

Фото pixabay.com.