Неге әр қалада жылу бағасы әртүрлі?

Неге әр қалада жылу бағасы әртүрлі?
фото: pixabay.com

Елімізде жылу бағасын есептеу кезінде бірнеше фактор ескеріледі. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап білді.

Қаламызда жылу бағасы қанша тұрады? Бұл сұраққа кез келген адам жауап бере алмайды. Көпшілігі өзі тұрып жатқан үйі мен пәтеріне қанша теңге төлейтінін айта алады. Бірақ қандай да бір өзге цифрды білмейді. Тарату, бөлу және жылу энергиямен қамту кезіндегі сараланған тарифті дұрыс анықтау үшін көп нәрсені ұғу керек. 

Коллаж: Kazinform

 «Жылу қанша тұрады» деген қарапайым ғана сұрақты іздеу жүйесіне жазып, әрі қарай зерттесеңіз қаладағы коммуналдық мекеме сайтына тап боласыз. Ол жерден «Тарифтер» деген тетікті басасыз. Мұнда есептегіш құралы бар және құралынсыз есептелген тарифтің орташа бағамы жазылады. Сонымен бірге апатты ғимарат, барак типті тұрғын үй құрылысы мен бюджеттік мекемелер, бюджеттік емес ұйымдар деп бөліне береді. Пәтердің шаршы ауданына қарай да тариф есептеледі. 

Есептеу кезінде үш фактор әсер етеді. Олар: жылу тұтыну нормативі, жылу тарифі және пәтердің шаршы ауданы. Норматив — жылыту маусымы кезінде ай сайын пәтердің әр шаршы метріне есептелетін жылу энергиясының мөлшері. Мұны жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Ал тарифті жылумен қамту мекемесі бекітеді. Есептеу кезінде нысанның барлық шаршы ауданы ескеріледі. Осы көрсеткіштің бәрі қосылып, тұтынушының жылу тарифі шығарылады.

Мәселен сіздің қалаңыздың нормативі айына 0,03 Гкал/м² деп есептелген. Жылу тарифі Гкал-на 5000 теңге. Пәтердің жалпы ауданы — 50 м². Нәтижесінде жылуға сіз ай сайын 7500 теңге төлейсіз.

Норматив өңірлерге (оңтүстікке қарағанда солтүстікте үйді жылыту қиын), қызмет құнына және ресурстарға (сондықтан өзге өңірлерге қарағанда Алматыда қымбаттау), үйдің неден салынғанына (кірпіштен салынған үй жылуды жақсы сақтайды, демек ресурс та аз жұмсалады), құрал-жабдықтардың сапасына (заманауи технология жылуды жақсы сақтайды және таратады, бұл шығынды азайтады) байланысты әртүрлі болып келеді.

Сонымен бірге түзету коэффицеті де әсер етеді. Бұл дегеніміз жергілікті билік қыс жылы немесе аязды болса бағаны өзгертіп отырады. Адамдар тоңбас үшін әрі коммуналдық мекемелер шығынға батпас үшін жасалған қадам. Сондықтан жылу тарифін есептеу кезінде біз жеке есептеу құралы жоқ көпқабатты үйдің 1 гигакалорияға орта есеппен қанша теңге төлейтінін негізге алдық. Өйткені Қазақстанның көпшілігінде дәл осы категория енгізілген.
Ең жоғары тариф Алматыда. Мұнда 1 Гкал 10 615 теңге төлейді. Астанада бұдан екі есе арзан. Елорда тұрғындары 4727 теңге төлейді. Бұған жоғарыда атап өткен өзгермелі өлшемдер әсер етеді.

Коллаж: Kazinform

 Петропавлда жылу тарифі қамбат. Мұнда тұтынушылар коммуналдық мекеме қызметкерлерінің қытымыр аязды күндері жұмыс істегені үшін де төлейді. Ал көптеген үйлер мен коммуникация ондаған жылдан бері қызмет көрсетіп, жылуды дұрыс сақтамайды. 2025 жылдың қаңтарынан бастап мұнда 1 Гкал-ға 7891 теңге есептелген. 

Еліміздің батыс өңірлері де жылуға көп төлейді. Ақтөбеде тариф 6833 теңге. Былтырмен салыстырғанда биыл тариф шамамен 18% көтерілді. Бұл жылумен қамту компаниясы шығындарының өсуіне және газдың көтерме бағасының жоғарылауына байланысты өсім. Атырауда тариф — 6215 теңге. Соңғы бес жылда жыл сайын 100 теңгеге қымбаттап отыр. Ақтауда әзірге тариф 4285 теңге болып тұр. Бірақ еліміздің өзге өңірлеріндей емес, 2025 жылы мұнда баға көтерілмеді. Тарифті өзгерту туралы тыңдау 4 ақпанға белгіленген.
Қостанайда тариф тез өсіп жатыр. Қазіргі кезде тұтынушылар 1 Гкал-ға 6140 теңге төлейді. Былтыр дәл осы уақытта 326 теңгеге аз төледі. Бір жылда мұнда тариф 624 теңгеге өсіп тұр. Соңғы төрт жылда Қостанайда жылу тарифі 1634 теңгеге өсіп тұр.

Шымкент қаласында — 5 953 теңге, Қарағандыда — 5614 теңге, Көкшетауда — 5507 теңге, Таразда 5493 теңге болып тұр. Елімізде 5000 теңгеден төмен тарифтер де бар. Оралда 4886 теңге, Павлодарда 4851 теңге. Қысы қатты болса да Өскеменде 4764 теңге болып бекітілген. Семей тұрғындары 1 Гкал-ға 4473 теңге төлейді.

Ең арзан жылу тарифі еліміздің оңтүстігінде болып шықты. Талдықорғанда 3912 теңге, Жезқазғанда 3663 теңге, Қызылордада 3590 теңге, Қонаевта 3532 теңге, Түркістанда 3207 теңге.