Біз полиэтилен пакеттен бас тартуға дайынбыз ба?

Біз полиэтилен пакеттен бас тартуға дайынбыз ба?
фото: pixabay.com.

Полиэтилен пакеттерсіз бүгінгі қоғамды көз алдымызға елестету мүмкін емес секілді. Бұл бұйымды күнделікті тұрмыста жиі қолданатынымыз соншалық, экологтардың жанайқайын елемей, зиянды жақтарын білсек те бас тарта алмай келеміз.

 Себебі мұндай полиэтилен пакетмен дүкендер мен супермаркеттердегі өнімдердің басым бөлігі буып-түйілген. Мұндай қоқыстарды уақытында жинаудың өзі мұң. Қазәр айналаңызға қарасаңыз, олар қоқыс жәшіктерінен шығып, жол үстінде жатыр, су айдындарында жүзіп, ағаштарға ілініп тұр. Әрине, пластикалық пакеттерді пайдалану ыңғайлы, бірақ бұл өнімді пайдалану біздің табиғатымызға орасан зиянын тигізеді.

 Ғалымдардың есептеуінше, әлемде минутына 2 миллионға жуық пластик пакет сатылады. 

Бұлардың барлығы қысқа уақытта қоршаған ортаға тарап, планетамызды улайды. Сарапшылардың айтуынша, әлемде бір жылда табиғатты ластайтын кемінде 4 триллион пакет жиналады: олар жер бетіне шашылып, кәріздерді бұғаттап, су тасқынын тудырады, мұхиттарды ластайды, оларды жұтатын жабайы жануарлардың, құстар мен балықтардың өліміне себепші болады.

Фото pixabay.com.

Пакеттермен белсенді күрес жүргізіп жатқан елдер Дания, Германия, Ирландия, АҚШ, Танзания, Австралия, Англия, Латвия, Финляндия, Қытай, Италия, Үндістан. 

Экология министрлігі 2025 жылдан бастап полиэтилен пакет өндірісін біржола тоқтатуды жоспарлаған еді. Бірақ ол жүзеге аспады. Неліктен?  Халқымыз экологиялық сауаттылық туралы не біледі оны қалай түсінеді?

 Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда қай дүкенге кірсек те алған затымызды полиэтилен пакеттерге салып береді. Үйдегі сөремізде оралып қанша пакет жатыр? Оларды қалай пайдаланып жатырмыз? Соңында қайда тастаймыз?

 qazaqstan.tv сайты келтірген дерекке сүйенсек, бір жылда 6 млн 300 мың тонна пакет теңіздер мен мұхиттарды ластайды екен. Сондықтан еліміздің табиға тазалығын сақтауды ойлаған Экология министрлігі қауіпті қоқыстан құтылу үшін алты жыл бұрын полиэтилен пакеттерден бас тартуды ұсынып, дүкендерде тегін таратпай, сату іске аса бастады.

Фото pixabay.com.

Жалпы, полиэтилен мен пластик – бүкіл әлем ғалымдарын толғандырып отыр.  

Әлемнің 127 елі зиянды дорбалардан бас тартқан. Ал 30 мемлекетте пластикалық пакетті тек сатып алады. Дания бұл тыйымдарды 1994 жылы бастап кеткен. Финляндияда пластик пакеттерді қабылдайтын автоматтар орнатылған. Ал Франция 9 жылдан бері қолдануға, өңдеуге тыйым салды, деп жазды qazaqstan.tv. Қазақстан да 2025 жылы полиэтилен пакеттің өндірісін тоқтатуды жоспарлаған еді. Бірақ орындалмады.

Қандай да бір шешім қабылдар алдында біз анализ жүргізуіміз керек. Осы сала қаншалықты дайын мұндай тыйым салуға? Зерттей келе бірден бас тарту тиімсіз екенін түсіндік. Олармен күресу бойынша халықаралық құжат қабылдану үстінде. Бірінші кезекте экология мен өндірістің ортақ балансы болуын, полиэтилен өндіретін кәсіптің зиян шекпеуін қарастырамыз, дейді Назгүл Әлімсүре, ҚР ЭТРМ коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы.

Отандық мамандар пластик пен пакет өндірісін тоқтатудан бұрын, қайта сұрыптауды жолға қою керек дейді. 

Елде пластикті өңдейтін 53 кәсіпорын бар. Биыл олардың қуатын 98 мың тоннаға арттыру жоспарланып отыр.

Ғалымдардың пайымдауларына назар аударсақ, полиэтилен пакеттердің толық  ыдырауына мың жылдай уақыт керек екен. Бірақ осы аралықта полиэтилен пакеттер улы заттар түзіп, суға, топыраққа, ауаға тарайды. 

Фото pixabay.com.

Бұл пакеттердің ішіне азық-түлік салса, адам ағзасына да улы заттар тарап, жүрек, қан аурулары көбейетінін ғалымдар дәлелдеді. Содан болар Еуропа халқы матадан жасалған дорбаларды өзімен ала жүреді. Ол ыңғайсыз десеңіз, полиэтилен пакеттерден бас тартып, био ыдырайтын пакеттерге көшкен жөн. Ал біз қашан көшеміз? 

Полиэтилен пакетті сатып алған сайын әрбір адам саналы түрде экологияға зиян келтіреді, ал бұған жол бермеуге болады ғой. Қағаз пакеттер, эко-сөмкелер, мата қапшықтар сияқты бұйымдар көптен бері қолданыста. Дүкенге әлемнің көптеген елдерінде қолданылған пакеттермен немесе эко-сөмкелермен келіңіз, сонда сіз планетамыздың таза болуына көмектесе аласыз. Ескі пластикалық пакеттерді утилизацияға тапсырсаңыз, олардың қоршаған ортаны ластамайтынына және басқа өнімдерге қайта пайдаланылмайтынына сенімді боласыз. Экологиялық таза сөмкені қолдауды әркім өзінен және бүгіннен бастауы керек.