
фото: pixabay.com
Балалар мен жасөспірімдер білім беру мекемелерінде көп уақыт өткізеді. Мұндай нысандар оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қаншалықты жауап береді, мұндай орындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қалай сақталады.
"Сапалы Қазақстан" порталының тілшісі қойған бұл сұрақтарға Алматы қаласы Әуезов ауданының санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Уметали Жансая жауап берді.
Маманның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау білім беру мекемелерінде инфекциялық аурулардың алдын алуды және қолайлы гигиеналық жағдайларды қамтамасыз етуді көздейді. Уметали Жансая санитарлық – эпидемиологиялық ережелердің басты талаптарын атап өтті.

Фото: Уметали Жансаяның мұрағатынан.
Санитарлық ережелердің негізгі талаптары
1. Ғимараттар мен аумаққа қойылатын талаптар:
- Білім беру мекемелері санитарлық нормаларға сай жобаланып, қауіпсіз материалдардан салынуы тиіс.
- Мекеме аумағы көгалдандырылып, қоқыстан тазартылып тұруы керек. Балаларға арналған ойын және спорт алаңдарының жабдықтары берік әрі қауіпсіз болуы шарт.
- Санитарлық нормаларға сай, аумақта тазалық сақтау үшін қоқыс жинау орындары арнайы белгіленуі тиіс.
2. Оқу бөлмелері мен жабдықтарға қойылатын талаптар:
- Оқу бөлмелері жеткілікті табиғи жарықпен қамтамасыз етілуі тиіс.
- Желдету және жылыту жүйелері жұмыс істеп, бөлмелер тұрақты тазартылып, дезинфекциялануы қажет.
- Парта мен орындықтар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек. Бұл оқушылардың денсаулығына кері әсер ететін жағдайларды болдырмау үшін маңызды.

Фото pixabay.com.
3. Асхана және тамақтану:
- Асханаларда санитарлық ережелерге сәйкес сапалы тағам әзірленуі керек.
- Асхананың тамақ өнімдерін сақтау және тасымалдау жағдайлары санитарлық талаптарға сай болуы қажет.
- Асханаларда тағамдардың құрамы, калориясы мен сапасы туралы ақпарат көрсетіліп тұруы шарт.
4. Медициналық қызмет көрсету:
- Мекемелерде медициналық пункттер ұйымдастырылып, балалардың денсаулығына тұрақты бақылау жасалуы тиіс.
- Жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары қатаң түрде орындалуы қажет.
- Медицина қызметкерлері оқушылар арасында профилактикалық тексерістер өткізіп, ауруларды ерте кезеңде анықтау жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс.
5. Пандемия жағдайында санитарлық талаптар:
- Кіреберісте дене қызуын өлшеу, қолды дезинфекциялау және бетперде кию талап етіледі.
- Аудиторияларда әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін орындарды дұрыс ұйымдастыру қажет.

Фото: pixabay.com
Білім беру мекемелері санитарлық талаптарға сәйкес желдеткіш, су құбыры және кәріз жүйелерімен жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар, санитарлық талаптар бойынша оқу жылы басталар алдында мекеме толықтай тазартылып, дезинфекциялануы қажет.
Бұл санитарлық ережелер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қолайлы оқу ортасын құруға арналған. Бұйрықтың орындалуы білім беру мекемелерінің санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал етеді және қоғамдық денсаулықты қорғауға көмектеседі, дейді Әуезов ауданының санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Уметали Жансая.
Сонымен қатар, бұл талаптар оқушылардың денсаулығын қорғауға және санитарлық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған.Олардың орындалуын білім беру объектілерінің басшылары мен санитарлық қызмет мамандары бақылауда ұстайды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через