фото: pixabay.com
Ақтөбе облысында балабақшалардың бірінде бүлдіршіндерге құрттаған ботқа бермекші болған. Зиянкестерге толы тамақты тәрбиешілер байқап қалыпты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тосын жағдай Қандыағаш қаласындағы «Самал» мемлекеттік мектепке дейінгі мекемесінде болды. Мұнда 200-ден аса бала бар. Жармасы құрттаған ботқаны таңғы асқа әзірлеген. Ас үй жұмысшылары зиянкестерді «мүлдем байқамадық» деп азар да безер болды.
Бір түйір емес, қаптаған құртты көрмеген бас аспаз бен мейірбике, балабақша меңгерушісі бірден жұмыстан қуылды. Әйтсе де жарманың жарамды мерзімі бітпеген. Оны жеткізген кәсіпкерді де тексеріп жатыр. Ең бастысы, құрт табылған ботқаны бүлдіршіндер жеп үлгермепті.
Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: — Ботқадағы жәндік байқалып, сол арада таңғы ас беру тоқтатылған. Қазір облыстық білім басқармасы тарапынан зерделеу тобы жұмыс істеп жатыр. Балабақшаның меңгесішсі және медбикесі және бас аспазы жұмыстан шығарылды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через