Аңызға айналған Атлах шайқасының орны Жамбыл жерінен табылды

Аңызға айналған Атлах шайқасының орны Жамбыл жерінен табылды
фото: pixabay.com

Жамбыл жерінен әлемдегі ең ірі жеті шайқастың бірі саналатын Атлах шайқасының орны табылды. Араб пен Қытай империясы арасындағы соғыс Тараз маңында өткені тарихтан белгілі. Бірақ бұған дейін нақты қай жерде болғаны жұмбақ еді. Енді тараздық тарихшылар Бесағаш ауылының маңын Атлахтың алаңы деп, шайқастың шекарасын шегендеуге көшті, деп жазды qazaqstan.tv сайты. 

Жамбыл ауданы Бесағаш ауылының жайылымынан тұрғындардың осылай көне жәдігерлерді көптеп тауып алатыны тарихшыларды таңғалдырады. Төңіректі 4 жыл зерттеп, ауыл шетін Атлах шайқасының алаңы деп таныған. Адуынды араб пен қуатты қытай соғысқан жер 400 га-дан асады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Арабтың атты әскері мен Қытайдың қалың қолы осы аумақта кездескен. Жарты әлемді жаулаған қос империяның қақтығысы бес күнге жалғасады. Ал 5-күні соғысты сырттан бақылап тұрған түркілердің түмен әскері тұтқиылдан шабуылға шығады. Сөйтіп жаудан жеңіліп жатқан арабтар түркілердің арқасында атақты Атлах шайқасында жеңімпаз атанады.

Иә, тау маңынан түркештер лап қойғанда, оларға Қытай құрамындағы қарлұқтар да қосылады. Бұл түбі бір түркінің бірлігін көрсеткен шайқас болды. Өйткені Таң патшалығы түркі жұртын титықтатып, берекесін қашырған. Сондықтан соғыстың соңғы күнінде арабтарға болысқан. Енді бүгінде мал жусаған мекен ашық аспан астындағы музейге айналмақ.

Фото: pixabay.com.

Қуаныш Дәуренбек, тарихшы, зерттеуші:

Алғашқы кезекте қазіргі осы Бесағаш қаласының аумағы анықталады. Қанша гектардан тұрғандығы және қаланың уақыты анықталады. Қанша жыл өмір сүргені. Дәлелдеу мен зерттеуге қазіргі ғылымның әлеуеті жетеді. Әскери қару-жарақтар, табылған материалдардың барлығы толық сынамадан өтеді. Қай әскерге тиесілі екені, қай мемлекеттікі және қандай металдан жасалғанын қолымызға ұстатады.

Жайылымнан VII ғасырға тән жебе ұшы мен салақұлаш семсер де табылған. Тарихшылардың тынымсыз еңбегін бағалаған жергілікті билік Атлах алаңын зерттеуге 25 млн теңге бөліп отыр.

Серік Сәлемов, облыс әкімінің орынбасары:

Бұл шайқастың тағы бір маңыздылығы Ислам өркениетінің Талас шайқасының осы Талас өзенінің жағасынан бастау алуы. Осыны дамытқан жағдайда біздің өңірге тиімділігін, серпінісін береді. Себебі біздің облысымыз дотациялық өңір. Әлемге паш еткізетіндей дәрежеге жеткізіп жатсақ, туризмді дамуы қолға алынады.

Фото: pixabay.com.

Бүгінгі араб әлемі тлах шайқасын жақсы біледі. Олар майдан болған мекенге сан рет сапарлағысы келген. Бірақ нақты орны белгісіз болғандықтан Таразға келіп, тауы шағылған. Енді көптен күткен кешен ашылса, ауыл маңы Ислам әлемі ағылатын туристік орынға айналмақ.