Алматы полициясы жүргізушілерге ескерту жасады

Алматы полициясы жүргізушілерге ескерту жасады
фото: Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі

Алматы полициясы жүргізушілерден көліктерін тек белгіленген жерге қоюға шақырды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталына Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметінен хабарлады. 

Көлік құралдарының қозғалысына қолайлы жағдай жасау үшін жауын-шашын кезеңінде көшелерді уақтылы тазалау қажет, бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды аспектісі.

– Полицияның бұл үндеуі ауа райының және қаладағы жол қозғалысы жағдайының нашарлауына байланысты жасалды. Қала көшелеріне көптеген коммуналдық көлік шыққаны белгілі. Көліктердің дұрыс қойылмауынан кей жерлерде қар шығару және жолды тазалау айтарлықтай қиындық туғызып жатыр. Кеңселер мен мекемелер көп шоғырланған жерлерде азаматтар жол ережесін елемей, көліктерін ретсіз қояды. Біріншіден, заңбұзушылық бар. Ал, екіншіден, бұл қар тазалайтын техникаға белгілі бір қолайсыздықтар туғызады. Осыған байланысты көлік иелеріне үндеу жасап, көлік тұрағы мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамыз,– деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Спикердің сөзінше, шаһар көшелерін 150-ге жуық патрульдік полиция жасағы мен әкімшілік полицияның мамандандырылған батальоны күзетеді. Жол апаттарының алдын алу және жалпы жол жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Осыған байланысты жол қозғалысын бақылайтын патрульдік полиция бөлімшелерінің саны арттырылды.

– Қыста көлік жүргізуде белгілі бір қиындықтар туындайды. Сондықтан жүргізушілерді аса сақ болуға, жылдамдықты шектен асырмауға, тежегіш педалін қатты баспауға, ең бастысы, орындалатын маневр туралы басқа жол қозғалысына қатысушыларды алдын ала ескертуге шақырамыз. Жолдардағы қауіп-қатер туралы ескертеміз және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, өз өмірлерін, сондай-ақ басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірмеуді сұраймыз, – деді ол.