фото: https://pixabay.com/ru/
Яғни, үйінде бір айдан көп жатып қалған қонағын уақытша тіркеуге қоймаған отбасылар жазаланады.
Үкімет әзірлеген, Парламент қабылдаған "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңы күшіне енді. Оған сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) ұлғайды.
Егер АЕК биыл 3 692 теңгені құраса, келесі 2025 жылы ол 3 932 теңгеге дейін көбейді. Яғни, биылғыдан 6,5%-ға немесе 240 теңгеге өсті.
АЕК-ті ел арасында "айыппұлдық есептік көрсеткіш" деп ажырататын әзіл де бар. Бұл әзілдің түбінде зіл тұр, өйткені айлық есептік көрсеткіш өссе, елде тек салықтар ғана емес, сондай-ақ қаптаған айыппұлдар да күрт өседі.
Айтпақшы, жазаның осы түрі жинақталған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде "айыппұл" деген сөз 1 992 рет қолданылады екен.
Сонымен, 2025 жылы бірден 6 пайызға "қымбаттайтын" айыппұлдардың кейбіріне тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Жала жабу
Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату енді жеке тұлғаға бірінші жолы – 629 120 теңгеге (160 АЕК), лауазымды адамға – 1 966 000 теңгеге (500 АЕК) түседі. Не судья 15-20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Ал, егер әлдекімге көпшiлiк алдында немесе масс-медианы, телекоммуникациялар желілерін, соның ішінде телеарналарды, газет-журналдарды, Ватсап, Телеграм, әлеужелілерді пайдалана отырып жала жапса, жеке тұлғаның айыппұлы келесі жылы – 707 760 теңгеге (180 АЕК), лауазымды адамға – 2 555 800 теңгеге (650 АЕК) дейін жетеді. Не судья 20-25 тәулікке изоляторға отырғызуы мүмкін.
Заңнамаға кейінгі кезде енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай тиісті сот шешімі болмаса, қазақстандықтарға шенеунікті не әкімқараны "коррупционер" деп атауына тыйым салынады.
Өйткені "адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан іс-әрекеттері" үшін жеке тұлғаға – 786 400 теңге (200 АЕК), лауазымды адамға – 2 949 000 теңге (750 АЕК) айыппұл салынады немесе ол 25-30 тәулікке қамауға алынады.
Сапасыз медицина
Биыл біліксіздігі, селқостығы және басқа кесір ісі салдарынан абайсызда адам өлтірген ақ халаттыларды қылмыстық қудалаудан босататын атышулы заң қабылданды. Олар бұдан былай көбіне айыппұл төлеп құтыла алады. Бірақ олардың да айыппұл сомасы өсті.
Сонымен, "медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын, медициналық көмек көрсету қағидаларын өрескел бұзу, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса" жеке тұлғалар – 39 320 теңге (10 АЕК), лауазымды адамдар – 98 300 теңге (25 АЕК), шағын кәсіпкерлік субъектілері, айталық, шағын клиникалар, коммерциялық емес ұйымдар – 137 620 теңге (35 АЕК), медициналық ұйымдар желісі, орта кәсіпкерлік субъектілері – 196 600 теңге (50 АЕК), ал, сала алыптары, ірі кәсіпкерлік субъектілері – 275 240 теңге (70 АЕК) айыппұл төлесе жеткілікті болмақ.
Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы қылмысын қайталаса, жеке тұлғалар – 58 980 теңге (15 АЕК), лауазымды адамдар – 117 960 теңге (30 АЕК), шағын кәсіпкерлік субъектілері және коммерциялық емес ұйымдар – 157 280 теңге (40 АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілері – 235 920 теңге (60 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілері – небәрі 314 560 теңге (80 АЕК) айыппұл арқалайды.
Есесіне, егер сіз бизнесмен, мемлекеттік қызметші немесе қарапайым адам ретінде дәрігерлердің қызметіне кедергі келтірсеңіз, бұл жеке тұлғаларға – 117 960 теңге (30 АЕК), лауазымды адамдарға – 196 600 теңге (50 АЕК), заңды тұлғаларға – 393 200 теңге (100 АЕК) айыппұл салуға алып келеді.
Егер ақ халаттылармен ұрсысып қалсаңыз (заңда бұл "медицина, фармацевтика қызметкерлеріне өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде былапыт сөйлеуден, әбес қылықтар, белгілер мен заттар көрсетуден, оның ішінде масс-медианы немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы, лайықсыз мінез-құлықтан, мазақ қылудан көрінген құрметтемеушілік таныту" деп аталады), онда қарапайым адамдарға 117 960 теңге (30 АЕК) айыппұл салынады немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.
Бір жыл ішінде медицина қызметкерімен қайта ұрсысып қалсаңыз немесе айталық, оған қол шығарсаңыз, айыбыңыз бірден 196 600 теңгеге (50 АЕК) дейін өсіп шыға келеді.
Суды ластау және көлді басып алу
Заң жазу барысында дәрігерлерді балағаттағандарға қаталдық танытқан Үкімет пен Парламенттің мысалы, су қоймасын мемлекеттен заңсыз тартып алған рейдерлерге керісінше, неге мейірім танытқаны түсініксіз.
Салдарынан, "Су объектiлерiн заңсыз басып алу, оған сарқынды және басқа да улы суды ағызу, суды заңсыз пайдалану, су пайдалану құқығын басқаға беру, сондай-ақ суға мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жасырын нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау" үшін – жеке тұлғаларға – небәрі 117 960 теңге (30 АЕК), лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 157 280 теңге (40 АЕК), алпауыт, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 786 400 теңге (200 АЕК) айыппұл салу ғана қарастырылған.
Масқарасы сол, егер әлдебір жуан жұдырық мемлекеттен рұқсат алмай, жергілікті жұртшылықты ұлардай шулатып, өзенге бөген салып алса, "гидротехникалық жұмыстарды заңсыз жүргiзсе", оған келесі жылы бар-жоғы 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады. Компания болса, айыппұлы 117 960 теңгені (30 АЕК) құрайды.
Буллинг
Биылғы сәуір айынан бері Қазақстанда мектепте әлімжеттік жасау үшін жаза енгізілді. Бұл жазаны тентек-телі балалардың ата-аналары тартады. Бірақ жас ұрпақ дәл педагогтердей не медицина өкілдеріндей қуатты қорғалмаған, айыптылар әп дегеннен жазаланбайды.
Өйткені кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) үшін ескерту жасау көзделген. Сирек жағдайда келесі жылы 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұл салынуы мүмкін.
Егер сотқар сотанақ тірлігін тыймаса, ескерту не айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталаса, жазасы – 117 960 теңгеге (30 АЕК) дейін артады.
Тіркеусіз пәтерші
Жалға берілетін пәтерде 30 күннен астам уақыт тұрған пәтершіні немесе осы мерзімнен көп уақытқа жатып алған қонағын үй иесі баспанасына уақытша тіркеуге қоймаса, онда сол үшін біріншіден, пәтершіге немесе мейманға 2025 жылы 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады. Екіншіден, пәтер-үй қожайынын мемлекет 39 320 теңге (10 АЕК) айыппұлмен жазалайды.
Егер бір жыл ішінде осы қылығын қайталаса, заң бұзушыға салынатын айыппұл көлемі бірден 2 еселенеді.
Пәтерді бөлу
Ауқаты құлдырап, тұрмыс қиындықтарынан титықтаған көптеген қазақстандықтың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндігі келе бермейді. Содан балиғатқа толған баласына немесе жаңа туған сәбиіне жеке бөлме сайлап беру үшін адамдар амалсыз қолындағы пәтерін не үйін ішінен бөліп, жаңа бөлме жасай бастайды.
Бірақ мұны жасамас бұрын жергілікті сәулет және қала салу басқармасы не бөлімінің рұқсатын алу қажеттігін екінің бірі біле бермейді. Тіпті білсе де, ол кеңсеге бас сұқпайды. Себебі, қаптаған құжатты жинап, сергелдеңге түседі. Оның үстіне баспананың ішін қайта жоспарлаудың эскизін жасайтын маманды жалдап, оның қызметінің ақысын төлейді және басқа да қосымша шығындары туындайды.
Алайда бәрібір солай жасауға тура келеді. Өйткені заңсыз қайта жоспарлау (незаконная перепланировка) үшін салмақты айыппұлдар енгізілген және олар келесі жылы өседі.
Пәтердің, панажайдың ішіндегі қабырғалар мен арақабырғаларды (перегородки и стены) рұқсат беру құжаттарынсыз бұзып тастағаны үшін жеке тұлғаларға салынатын ең төменгі айыппұл сомасы 2025 жылы 117 960 теңгеге (30 АЕК) жетті. Егер қайта жоспарлау бүкіл үйдің орнықтылығын бұзса, 314 560 теңге (80 АЕК) айыппұл салынады.
Тыныштықты бұзу
Қазақстанда жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзуға тыйым салынған.
Тиісінше, халықтың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіріп, әлгінде айтылған мерзімде тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу 2025 жылы:
жеке тұлғаларға – 19 660 теңге (5 АЕК),
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 78 640 теңге (20 АЕК),
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 117 960 теңге (30 АЕК),
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 393 200 теңге (100 АЕК) айыппұл салуға соқтырады.
Егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде тыныштықты бұзып, қайта шу шығарса, айыппұл көлемі алдыңғы үшеуі үшін тура екі есеге артады. Ал, бұл заңбұзушылығын қайталай беруден арланбайтын алпауыттарға, мысалы, ірі құрылыс компанияларына, сауда-ойын сауық орталықтарына, басқасына жеңілдік жасалған: олардың айыппұлы 200 емес, 150 АЕК-ке дейін ғана өседі.
2025 жылы АЕК көлемімен бірге жүргізушілерге салынатын бүкіл айыппұлдар көлемі де 6 пайызға ұлғайып шыға келеді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через