Тарихи рекорд. Биткоин бағасы 100 мың доллардан асты

Тарихи рекорд. Биткоин бағасы 100 мың доллардан асты
фото: https://pixabay.com/ru/

Биткоин бағасы 100 мың доллардан асты. Қазіргі таңдағы бағасы 102 617,80 долларды құрап отыр.

5 желтоқсан, бейсенбі күні биткоин бағасы 100 000 долларлық межеден асқан. Криптовалюта бағасының бұлайша көтерілуіне Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы себеп болды. АҚШ президенті қызметіне кіріскен бойда криптовалюталар үшін қолайлы жағдай жасауға уәде берген. Трамптың осы уәдесі криптовалюта нарығының көрігін қыздыра түскен.

Трамптың жеңісінен кейінгі 4 аптада биткоин бағасы шамамен 45%-ға өскен.

«Біз парадигманың өзгеруін көріп отырмыз. Биткоин және бүкіл цифрлық активтер экожүйесінің қаржылық толқыны басталады», – деп мәлімдеген АҚШ-тағы Galaxy Digital криптокомпаниясының бас директоры Майк Новогратц.

Новогратц бұл толқынға институционалдық тұрғыда криптовалютаны қабылдау, токенизация және төлем саласындағы жетістіктер оң әсер еткен.

16 жыл бұрын пайда болған биткоин криптовалютасы тарихи көрсеткіштерге жетті.

«Биткоиннің 100 000 долларлық межеден асқаны жай ғана көрсеткіш емес, маңызды оқиға. Бұл оқиға қаржы, технология және геосаясатта өзгеріс жасайды. Соңғы уақытқа дейін фантастика саналып келген сан шындыққа айналды», – деп мәлімдеген Гонконгтың тәуелсіз криптосарапшысы Джастин Д’Анетан.

 ҚазАқпарат