фото: https://pixabay.com/ru/
Бұл көрсеткіш қызмет көрсетуден бөлек, азаматтардың өтініш беруі мен онлайн өзара іс-қимылдың толықтығын да көрсетеді.
Қазақстан онлайн қызмет көрсету рейтингінде Жапониядан кейінгі орында тұр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, еліміз интернет арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын бағалайтын онлайн қызметтер индексі бойынша әлемдегі үздік 10 мемлекеттің қатарына енген.
Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің арасында онлайн қызмет индексі бойынша 10 орын иеленіп, Жапонияны өкшелеп келеміз. Бұл көрсеткіш қызмет көрсетуден бөлек, азаматтардың өтініш беруі мен онлайн өзара іс-қимылдың толықтығын да көрсетеді.
Energyprom.kz сайтының дерегінше, биыл рейтингте ең жоғары 1 балл алған Оңтүстік Корея көш бастапты. Екінші орында Дания мемлекеті. Ал Қазақстан үздік ондықты түйіндейді. Өзінің технологиялық жетістіктерімен танымал Жапония 9 орынға жайғасыпты. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткішке үкіметтің жаңа процестерді бірден цифрлық форматта енгізіп отыруы сеп болған. Оның үстіне елдегі интернеттің дамуы да орасан зор үлес қосыпты.
«Интернетке қолжетімділік, мобильді құрылғылардың жаппай дамуы да өз нәтижесін берді десек болады. Шамамен 10 жыл бұрын интернетті пайдаланушылар саны аз болды. Өйткені смартфон секілді гаджеттер болған жоқ. Ал қазір технологияның дамыған заманында ғаламторға қосылып, қызметтерді алу жеңілдей түсті. Оған қоса, мобильді банкингтердің дамуы қиын процестерді қолжетімді қылуға сеп болды. Азаматтар қаржылық процестермен қоса мемлекеттік қызметтерді пайдалануды үйренді», – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржылық технологиялар және инновациялар секторының директоры Константин Пак.
БҰҰ-ның электронды үкімет бойынша рейтингі бар. Цифрландыруға нық қадам басып жатқан біздің елдің бұл рейтингте нәтижесі жақсы.
UN E-Government Survey есебіне сәйкес, электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік есепте Қазақстан 24 орынға көтеріліп, өз позициясын 4 сатыға жақсартты. Біздің алдымызда Израиль, ал 25 орында Уругвай мемлекеті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл Қазақстанның БҰҰ рейтингіне қатысу тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі.
Айта кетсек, аталған ұйымның рейтингі екі жылда бір рет жасалады. Ол 193 елді бағалап, электронды қызметтердің дамуы, адам капиталы мен телекоммуникациялық инфрақұрылым сияқты негізгі аспектілерді ескереді. Сондай-ақ Қазақстан цифрлық инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция салып, жасанды интеллект, блокчейн және заттар интернеті сияқты озық технологияларды енгізу арқылы цифрлық трансформация саласында айтарлықтай ілгеріледі. Жалпы алсақ, ел заман ағымына сай келе жатыр.
https://almaty.tv/kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через