Қарағандылық парабиші халықаралық турнирде алтын алды

Қарағандылық парабиші халықаралық турнирде алтын алды
фото: https://www.gov.kz/

       Қарағандылық Айгүл Балмағамбетова Парабиден Азия және Тынық мұхиты өңірі чемпионатының жеңімпазы атанды. Қазақстан құрамасының құрамында ол Single women freestyle class 2 номинациясы бойынша алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметі. 

       Жарыс елордада Тәуелсіздік сарайында өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тайвань, Жапония, Оңтүстік Корея, Мексика, сондай-ақ Гонконг және Тайбэй қалаларынан 60-қа жуық спортшы қатысты.

       Парабишілер бірнеше номинация бойынша өнер көрсетті. Солардың бірінде жеңіс Қарағанды облысы мүгедектер спорты мектебінің тәрбиеленушісі Айгүл Балмағамбетоваға бұйырды. Қазылар алқасы оның Малефисента бейнесіндегі керемет қойылымына тәнті болды.

       "Чемпионатқа үш ай дайындалдым. Қойылым үшін осы биді таңдадым, өйткені ол өте жарқын және күшті. Мен жеңгенімді түсінгенде, керемет эмоциялар баурап кетті. Қарсыластардың бәрі лайықты – әдемі және күшті. Қарағандыдан келген досыма және жаттықтырушым Күлшім Аталықоваға қолдау көрсеткені үшін рахмет", – дейді Айгүл Балмағамбетова.

       Турнирді Дүниежүзілік World Abilitysport федерациясының қолдауымен Қазақстан Республикасының параби федерациясы ұйымдастырды.

       https://informburo.kz/kaz