"Пошта туралы" заңға неге жыл сайын өзгеріс енгізіле береді?

"Пошта туралы" заңға неге жыл сайын өзгеріс енгізіле береді?
фото: https://www.google.com/profit.kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Пошта туралы" заңға жыл сайын өзгеріс енгізіле беретінін айтып, жауапты органдарға сын айтты.

"Пошта туралы" заң 2016 жылы қабылданған. Бар-жоғы 45 баптан тұратын шағын заң. 2016 жылдан бері бұл заңға өзгеріс енгізілмеген жыл жоқ екен. Жыл сайын енгізілген. Бір жылда бір рет өзгеріс енгізілсе, бір сәрі, алайда жылына бірнеше реттен өзгеріс енгіземіз. Заңның тұрақтылығын қашан қамтамасыз етесіздер? Бұл заңның сапасыз екенінің көрінісі ме? Бұған дейін неге бірден қамтымадық? Тоқсан сайын осы заңды қарап отырамыз ба? – деп сұрады Құспан.

Депутат заңға биыл бесінші рет өзгеріс енгізілгелі жатқанын айтты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек қазір бәрі тез өзгеріп жатқан заман екенін еске салды.

Бірнеше жаңа сервис шықты. Біздің нарығымызға бірқатар компания келді. Сондықтан өзгерістер керек. Менің ойымша, тұрақты ештеңе болмайды, - деп қысқа жауап берді ол.

Ал "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова заң жобасы тарихта алғаш рет арнайы шығарылып отырғанын айтты.

Заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, заманға сай ету керек. Өйткені нарықта бәсекелестеріміз көбейіп жатыр. Поштаның аяққа тұрып, беделді болуына қолдау көрсетіп жатқандарыңызға өзімнің және 20 мың пошташының атынан алғыс айтқым келеді. Осы заң бізге стратегия жасауға үлкен көмек береді. Жыл сайын технология өзгеріп жатқандықтан біз жылдамырақ болуымыз керек, - деп жауап берді Жанасова Мәжілісте.

https://baq.kz/