Өзбекстанда жарылыстан қайтыс болғандар саны 4 адамға жетті

Өзбекстанда жарылыстан қайтыс болғандар саны 4 адамға жетті
фото: uznews.uz

Қылмыстық іске қатысты 5 адамның ұсталғаны хабарланып отыр.

Ферғана аймақтық Төтенше жағдайлар басқармасы (ТЖБ) баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Ахмед Яссауи көшесінде орналасқан жанармай құю бекетінде болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жарылыс сағат 13:43-те сұйытылған газды шығару кезінде басталған. Оқиғаға технологиялық процесс пен қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 13:47-де жетіп, қызыл жалынды 14:12-де толығымен сөндірген.

Облыстық ІІБ ресми ақпаратынша, осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 257-бабы 3-бөлігі "а" тармағы және 259-бабы 3-бөлігі "а" тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады.

– Кеше 1 азамат оқиға орнында көз жұмды, бірнеше адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Облыстық ІІБ ресми ақпараты бойынша, олардың 3-еуі көрсетілген медициналық көмекке қарамастан ауруханада көз жұмды, – делінген ресми тараған хабарламада.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында 5 адам ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚазАқпарат