Өзбекстанда хайуанаттар бағынан қашып кеткен үш арыстан күзетшіні талап өлтірді

Өзбекстанда хайуанаттар бағынан қашып кеткен үш арыстан күзетшіні талап өлтірді
фото: https://www.istockphoto.com/

       Ташкент облысының Паркент ауданында орналасқан Lion Park зообағында келеңсіз оқиға болды. Үш арыстан теміртордан қашып шығып, күзетшіні талап тастаған.

       Мәліметтерге сенсек, оқиға таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Бір темірторда жатқан үш арыстан қоршаудан шығып кеткен. Осы уақытта зообақ келушілерге жабық болған. Жануарлар күзетшіге шабуыл жасап, ол арыстандарды қайтадан қамауға тырысқан. Алайда 44 жастағы күзетші ауыр жарақат алып, көз жұмды. 

       Өзбекстан бас прокуратурасының баспасөз қызметінің дерегінше, таңғы сағат 09:00-де екі арыстанды транквилизаторлардың көмегімен қайтадан қамауға мүмкін болған. Ал үшінші арыстанды жергілікті аңшы атып өлтірген. 

       Құзырлы органдар жергілікті тұрғындарға қауіп жоқ екенін және зообақтың келушілері мен қызметкерлерінен, күзетшіден басқа, ешкім зардап шекпегенін айтты. Оқиғадан кейін зообақ қызметкерлері парктегі барлық жыртқышты тексерді. Барлық жануарлардың өз темірорында екені расталды. Олар мұқият тексеріліп, сенімді түрде жабылды. 

       2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстанда цирк қойылымдарында жабайы жануарларды пайдалануға тыйым салу күшіне енеді. Бұл тыйым мемлекеттік те, жылжымалы жеке цирктерге де әсер етеді. Сонымен қатар, жеке тұлғаларға жабайы жануарларды тұтқында ұстауға тыйым салынады. Тиісті тізімге енгізілген жануарларды экология министрлігінің рұқсаты бар заңды тұлғалар ғана хайуанаттар бағында және арнайы питомниктерде (террариумдар, океанариумдар, серпентарийлер сияқты) ұстауға болады.

       https://ernur.kz/