Мәжіліс депутаты атбегілерді колледжде дайындауды ұсынды

Мәжіліс депутаты атбегілерді колледжде дайындауды ұсынды
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/frazaostudiolatin

       Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай атбегілерді колледжде дайындауды ұсынды

       Шымкенттегі футбол клубының бір жылдық бюджеті бүкіл ұлттық спортқа бөлінетін ақшадан бірнеше есе көп.

       Ұлттық спорт жоғары мектебі бір жылдық жұмысын қорытындылаған жиында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай осындай дерек келтірді, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі. 

       "Арамызда Туризм және спорт министрлігінің өкілі отыр. Ұлттық спортқа бөлінетін қаржының көлемін көбейту керек. Легионерлердің қалтасын қампайтқанмен, спорт дамымайды. Мысалы бір ғана шымкенттегі футбол клубына бөлінетін қаржы жалпы спортқа бөлінетін қаражаттан бірнеше есе көп. Сондықтан ұлттық болмысымызды, төл дидарымызды айқындайтын ұлттық спорттан қаржы аямайық", – деді ол.

       Депутаттың айтуынша, кейбір өңірлерде ұлттық спорт сайыстарын өткізуге жарамды стадион да жоқ.

       "Бізде инфрақұрылым жолға қойылмаған. Кейбір аймақтарда ұлттық спорт жарыстарын өткізетін стадион да жоқ. Ұлттық спорт республикалық ауқымда даму үшін инфрақұрылым мәселесін жүйелі түрде жолға қоюымыз қажет деп ойлаймын. Ұлттық спортқа деген қолдауды заңнамалық тұрғыда әлі де жетілдіре түсуіміз керек. Жылқы шаруашылығын дамытуға арналған заң қабылданды. Осымен тоқтап қалмай, Ұлттық спорт туралы арнайы заң қабылданса, саланың жоғары кеңістікке шығуына жол ашылар еді", – дейді Аманжол Әлтай.

       Ұлттық спортта маман тапшылығы қатты сезіліп жатқаны да айтылды.

       "Мен бірнеше министрліктің атын бұл жерде тегін атап отырған жоқпын. Бұл салада нақты кадрлар дайындалу керек. Бізде ұлттық спорт саласындағы кәсіби мамандар дайындайтын орта немесе жоғары білім шаңырағы жоқ. Кәсіптік-техникалық колледждерде де қарапайым ғана тағашы, бапкер, шабандоз секілді мамандықтар кәсіби тұрғыда дайындалуы керек", – деді депутат.

       https://informburo.kz/kaz