фото: Kazinform/ Freepik
Қазір жыл соңы, экономикалық тұрақсыздық кезеңі. Геосаяси ахуал мен бюджет тапшылығы түрлі саладағы баға саясатына әсер етіп жатқанын байқау қиын емес. Әсіресе, баспана нарығына қатысты болжам алаңдатуда. Келер жылы үйлі болуға ниеттенгендерді не күтіп тұр? Тұрғын үй қымбаттай ма? Kazinform тілшісі тақырыпты тарқатып көрді.
Алдымен биылғы статистиканы бағамдайық. Жыл басынан бері тұрғын үй құрылысы мен баспана бағасында өсім байқалды. Мысалы, биыл жүргізілген құрылыс жұмыстарының 14,3%-ы тұрғын үйге тиесілі. Пайдалануға берілген үйлердің жалпы алаңы өткен жылға қарағанда 6,2% өскен. Баспананың басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында салынған болатын.
Алайда аталған үрдіс нарыққа оң әсер етті деп айта алмаймыз. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жылда жаңа тұрғын үй бағасы 2,3% артты. Таразда – 8,6%, Ақтөбеде – 7,9%, Талдықорғанда – 7,2%, Көкшетау мен Қызылордада 7,1% жоғарылаған. Қайталама тұрғын үй нарығы да жетісіп тұрған жоқ. Бұл бағытта Атырау (24,7% өсім), Астана (11,3% өсім) көш бастаса, тұрғын үйді жалға алу бағасы бойынша Орал (24,2% өсім), Шымкент (21,9% өсім), Петропавл (21% өсім) алда.
Инфографика: Kazinform
Келер жылы жағдай тым ушығуы мүмкін. Мұны Үкімет те, кәсіпкерлер де жасырмай отыр. Өйткені теңге бағамының әлсіреуі, құрылыс саласындағы импортқа тәуелділік, салық кодексіндегі өзгеріс өзге жол қалдырмайтындай.
Құрылыстағы құн салығы
Сарапшылар келесі жылы пәтер бағасы 10-15 пайыз қымбаттайды деген пікірде. Әзірге басты себеп – құн салығы. Яғни, Үкіметте қаралып жатқан жаңа салық кодексінде құрылыс компанияларына арналған 12 пайыздық қосылған құн салығы айтылған. Ал компаниялар шығынға батпас үшін шаршы метрдің бағасын қымбаттатады деген болжам бар.
Үкімет мұндай қадам бюджет тапшылығын жою үшін жасалғанын айтуда. Қазір ел қазынасы ортайып тұр, бюджет тапшылығы 50%-ға жетті. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта жоспарланған кірістер көлемі 20 пайызға аз орындалған – 5,6 трлн теңге. Ал шығыстар 95 пайыз жоғары, яғни 10,7 трлн теңге жұмсалған. Сала мамандары кері кеткен көрсеткішке салықтың аз жиналуы ықпал етіп отыр дейді. Кіріс көлемін ұлғайту үшін салық саясатын қайта қарап, қосымша құндарды көбейтудің сыры да осында жатыр екен.
Дегенмен нақты құрылыс саласындағы салықтың көбеюін орынсыз санайтындар көп. Бұл қымбатшылыққа әкеліп, баспана нарығын құлдыратады дегенді естиміз. Қазақстан құрылысшылар одағы Астана филиалының директоры Вячеслав Лазаревтің пікірінше, құрылыс компаниялары амалсыз пәтердің шаршы метрінің бағасын өсірмек.
«Қазір құрылыс компаниясы үй салып, орта есеппен 15 пайыз пайда табады. Егер 12 пайыздық салық енгізілетін болса, құрылыс компаниясы «нөлге» жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз істейді немесе шаршы метр бағасын көтереді», – деді ол.
Алайда құзырлы орган өкілдері құрылыс компаниялары 2001 жылға дейін аталған салық түрін төлегенін жеткізді. Үкімет сол жылдан бастап үй бағасын арзандату үшін компанияларға жеңілдік беріп, қосымша құн салығынан босатқан. ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Жазира Мыңбаеваның сөзінше, кәсіпкерлер жеңілдікті пайланғанымен, нарық көмегі шамалы болған.
«2001 жылдан бері келе жатқан жеңілдікті құрылыс компаниялары өзінің кірістерін көбейтуге ғана пайдаланып келе жатыр. Халық одан ешқандай пайда көріп жатқан жоқ. Жаңа салынған тұрғын үйлер, екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы арзандап жатқан жоқ. Сондықтан, берілген жеңілдік тиімсіз болды» – деді сарапшы.
Расында, 2001 жылдан бері жаңа баспананың құны 21 есе өсіпті. Олай болса, кәсіпкерлерге жасалған жеңілтікті тоқтату да жөн шығар. Қиыны, құрылыс компаниялары қаржыны қолдан жібермеу үшін халыққа салмақ салатыны анық. Қазірдің өзінде өзгеріс бар. Компаниялар «басты көзір» ретінде пайдаланатын баспананың шаршы метрінің құны шарықтап тұр. Жаңа пәтердің бір шаршы метрі 494 мың теңге – өткен жылмен салыстырғанда 2 пайыз көп. Ал Астана, Алматы қалаларында жаңа үйдің шаршы метрі 570-592 мың теңгеден кем емес. Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда қалаларында да қымбаттаған.
Орайы келгенде баспана нарығының сарапшысы Айбар Олжаевтан салық кодексіндегі өзгерістің нарыққа әсерін сұраған болатынбыз. Оның айтуынша, құқықтық құжат қолданысқа енсе, келер жылы тұрғын үй нарығын қымбатшылық күтіп тұр.
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform
«Салық базасын кеңейту керегі түсінікті. Дегенмен құрылыс компаниялары қосылған құн салығын өз есебінен төлемейді, халыққа артады. Егер салық кодексі осы нормамен қолданысқа енетін болса, пайдалануға берілетін тұрғын үй бағасы кем дегенде 12 пайызға артады. Үй бағасы қымбаттаған кезде несие бағасы, базалық ставканың мөлшерлемесі төмендемесе, тұрғын үй қиындыққа ұшырайды. Өйткені несие пайызы да, тұрғын үйдің өзі де қымбаттайды», – деді Айбар Олжаев.
Құрылысқа бөлінген бюджеттің жартысы шетелге кетеді
Келер жылғы бағамға геосаяси ахуал да әсер ететін болады. Әсіресе, теңге мен рубльдің әлсіреуі шешуші рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Неге десеңіз, Қазақстанда құрылыс тауарларының өнеркәсібі кемшін, өзімізде өндірілетін өнім толық циклді емес. Құрылысқа қажетті материалдарды алу үшін әлі шетелге тәуелдіміз, ішінде Ресейдің үлесі орасан. Доллар қымбаттайды екен, шығын да еселене түседі. Геосаяси жағдай ушықса, импортқа ықпал етіп, бағаны тұрақтандыру қиын болмақ.
Депутаттар мен қоғам белсенділері бұл туралы ашына айтып, отандық өндірісті дамыту керек дегеніне көп болды. Олқылықты шешпей, құрылыс жобаларын арзандатуды ойлаудың өзі қисынсыз екен. Жуырда Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов мәселенің маңызын түсіндіру үшін Бұқтырма көпірінің мысалын келтірген болатын. Оның айтуынша, импортқа тәуелділік тек шығын әкеледі.
Фото: parlam.kz
«Өкінішке қарай, Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі жоқ. Бізде тек құм, тас, шиыршық, цемент бар. Сондықтан құрылыс материалдары Ресей, Қытай секілді елдерден әкелінеді. Там-тұмдап тапқан ақшаны құрылыс материалын сатып алу үшін басқа елге беріп отырмыз. Мысалы, жылына ел бюджетінің 20 пайызға жуығы құрылысқа жұмсалады. Оның жарты бөлігі шет мемлекетке кетіп жатыр деген сөз.
Бұқтырма көпірін мысалға келтірейік. 2021 жылы қажетті құрылыс материалын алу үшін Украинадағы «Азовсталь» металлургия комбинатымен келісім жасалған болатын. Кейін екі ел арасында соғыс басталып кетіп, амалсыз құрылыс заттарын Ресейден алдық. Сол кезде санкцияға байланысты 1 теңге 7 рубль шамасында болды. Құрылыс материалдарының бәрі қымбаттады. Демек, алдағы уақытта Ресей-Украина арасындағы қақтығыс құрылыс нарығына әсер етпей қоймайды», — деді Ұлықбек Шабданұлы.
Айтылған сынды билік те байыппен бағамдауда. Арнайы жобалар әзірленіп, шығынды азайту жолына түскен. Мысалы, апта басында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров құрылыс саласындағы импортқа тәуелділіктің барын жасырмай, көп өтпей кешенді шара басталатынын сүйіншіледі.
– Құрылысшылар айтатын сыртқы қорабына цемент, арматура сынды құрылыс материалдары керек. Оның бәрін өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Бізде ішкі әрлеуге қатысты проблема бар. Дегенмен, мұнда да шаралар қабылданып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне импортқа тәуелділіктен тезірек арылу үшін Қазақстанда нақты ішкі әрлеу материалдары бойынша құрылыс саласын дамыту жөнінде тапсырма бердік. Баспана нарығында импорталатын құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты бағаның өзгеруі ықтимал. Мұны жоққа шығармаймыз, — деді Нұрлан Байбазаров
Нарық қалай реттеледі?
Сонымен, баспана нарығындағы жағдайды реттеу аса маңызды болып отыр. Мемлекет кешенді шара қабылдауға асықпағанымен, жанама әсер ететін шешімдерді қазірден қабылдауға көшті. Мысалы, Отбасы банк, Қазақстан тұрғын үй компаниясы қаржыландыратын баспана құрылысы кезінде 1 шаршы метрдің шекті құны реттеу жоспарланған.
Коллаж Kazinform
Дегенмен сарапшы Айбар Олжаев нарықты мемлекеттік құрылым арқылы реттеуге түбегейлі қарсы. Тіпті мемлекет баспана нарығынан біржола кетуі қажет деп санайды.
«Кейінгі уақытта мемлекет тұрғын үй саясатына шамадан тыс араласып кетті. Мемлекеттік капитализм, яғни қолмен басқару тым үдеді. Саланы нарық өзі реттеуі қажет еді. Қазір белгілі бір нарықтық заңдылықтар, принциптер мүлде жұмыс істемейді, бұл – түбі жақсылыққа апармайтын үрдіс. Кейінгі екі жылда мұны түсіну процесіндеміз. Мемлекет алғаш қабылдаған шешімдерін кері қайтарып жатыр. Себебі мемлекет нарықтан кетуі керек. Тек мұқтаж, әлеуметтік осал топтағы адамдарға көмектен әрі аспауы шарт. Олай болмаса, субсидиялық тұзаққа түсіп қаламыз.
Сондай-ақ жеңілдетілген бағдарламалар көбейсе, нарық бағасы өсетін тенденция бар. Сондықтан билік баланс сақтауға мүдделі. Тұрғын үй бағдарламаларын бір адресті түрде, мұқтаж адамдарға беруге тырысады. Ал «өз қолы өз аузына жететін», белгілі бір жеңілдік категориясына кірмейтін топты нарық бағдарына қалдырып, өзге ипотеканы алуына жол беруде. Бұл – дұрыс саясат, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, мемлекет көрсетуі керек көмектің шегі – инфляция деңгейін түсіру. Әлемдік тәжірибеде инфляция түссе, баспана алу жеңілдейді. Еуропа елдеріндегі 2-3 пайызбен ипотека рәсімдеу осы жолмен келген, яғни инфляция төмен.
– Инфляция кезінде нарықты арзандату мүмкін емес, бірінші инфляцияны ауыздықтап алу керек. Барлық пайыздық мөлшерлеме түскеннен кейін, яғни 8-9 пайыз шамасына оралса, азаматтардың нарықтан үй алуы жеңілдейді. Өкінішке қарай, қазір инфляциямен күрес үшін нарықтық ставкалар көтерілген. Сол себепті баспана мәселесін бірден шешу қиындау. Сондықтан әлемдік тәжірибеге сүйеніп, инфляцияны төмендетуге күш салу орынды, – деп түйіндеді А.Олжаев.
Қалай болғанда да баспана нарығындағы қымбатшылық тыйылмайтын секілді. Шешімді нарық райына қалдырғанның өзінде салық жүктемесі мен импорт қыспағы оңай шағылар жаңғақ емес. Бірінде құқықтық құжатты қайта қарау керек болса, келесі мәселеде уақыт пен саяси ахуал мұрша бермей тұр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через