"145 млн теңге залал келген": Кореядан көлік алдырмақ болғандар алданып қалды

"145 млн теңге залал келген": Кореядан көлік алдырмақ болғандар алданып қалды
фото: https://pixabay.com/ru/

Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Қазақстанға жеткізілді

Аса iрi көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

"Күдікті 2023 жылы Корея Республикасынан автокөліктерді нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізуге уәде беріп, алаяқтық жолмен Алматы қаласының 6 тұрғынының қаражатын иемденіп, оларға жалпы көлемде 145 миллион теңгеден астам залал келтірген", - деп жазылған хабарламада.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, соған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.

Осы жылдың сәуірінде ол Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталып, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Мұндай қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

ҚазАқпарат