Ұлттық қор 3,9 млрд доллар жоғалтты

Ұлттық қор 3,9 млрд доллар жоғалтты
фото: Қазақстанның Ұлттық банкі баспасөз қызметі

Екінші деңгейлі қазақстандық банктерді қолдау Ұлттық қорға миллиардтаған шығын әкелді

Қазақстанның Ұлттық қоры мемлекеттік көмек аясында төмен сыйақы мөлшерлемесімен банк облигацияларын сатып алу салдарынан шамамен 2 триллион теңге (3,9 миллиард доллар) жоғалтты, деп хабарлады Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

"Банктерге 2000 жылдардың ортасынан бастап олардың облигацияларын сатып алу арқылы көмек көрсетілді. Олар 1%-дан 3%-ға дейін өте төмен мөлшерлемемен шығарылды. Оның жалпы номиналды құны 3 триллион теңгеден асады, ал әділ нарықтық құны – 1,1 трлн теңге. Айырмашылық олардың нарықтық емес шарттарда шығарылуына байланысты болып отыр", - деді Тимур Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысында.

Ұлттық банк 2022 жылы Қазақстанда Ұлттық қорды басқару ережесіне өзгеріс енгізілгенін еске салды: енді оның қаражатын орташа мерзімді инфляция (10-12%) деңгейін көрсеткен құралдарға ғана салуға болады.

ҚазАқпарат